Естеріңізде болса, жыл басында Елбасы өзінің халыққа арнаған Жолдауында Үкіметке төртінші мұнай өңдеу зауытын салу туралы тапсырма берген болатын.
Содан бері бұл мәселе жан-жақты зерттелді. Тіпті кейбір сарапшылар зауытты Жезқазған қаласына салу туралы өз ұсыныстарын да айтқан болатын. Бірақ барлық мүмкіндіктерді сараптаған Үкімет ең тиімдісі Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының қуаттылығын арттыру керек, деп шешті.
Өйткені ондағы зауыт жылына 12 миллион тонна мұнай өнімдерін дайындауға есептеліп салынған. Бірақ дәл қазіргі жағдайы соның жартысын ғана дайындауға қауқарлы. Сол себепті Үкімет төртінші мұнай өңдеу зауытын салудың орнына жартылай дайын тұрған кешеннің өнім қуаттылығын арттыратын болып шешті.
Болат Ақшолақов, ҚР Мұнай және газ вице-министрі:
Қазіргі уақытта Шымкент зауытын кеңейту жұмыстары жобасымен айналысып жатырмыз. Оның себебі - сұраныстың ең көбі осы Оңтүстік жақта және оған мұнай жеткізетін құбырлар бар.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ