Жібек жіппен картина салатын келіншек
Ақтөбелік шебер жібек жіп пен жүнді қолданып, ерекше туындыларды бейнелейді. Жұртшылықтың таңданысын тудырған суреттерді салу үшін қомақты қаржы мен уақыт керек. Сондықтан, хас шебердің картиналары қымбат бағаланады. Қазір облыс орталығындағы өнер музейінде суретшінің жеке көрмесі өтіп жатыр.
Жақсыбек Кемал, тілші:
- Суретші картиналарына ұлттық құндылықтарымызды жиі бейнелеуге тырысады. Дегенмен, бір жұмыстың артында ұзақ күнгі еңбек пен толғаныс жатыр. Мысалы, мына кішкентай ғана сөмкені жасау үшін бір апта уақыт жұмсапты.
Мешіт бейнеленген бұл картинаны дайындауға Жанат Ақбалина 2,5 жылын сарп еткен. Оған 60 бума жібек жіп қажет болыпты. Яғни, қажетті материалдардың өзіне 200 мың теңге жұмсалған. Шебердің ең қымбат жұмысы да осы. Туынды 1,5 миллион теңгеге бағаланған.
Жанат Ақбалина, суретші:
- Қиындығы бар. Жұмыстың бәрін бірдей алып жүру керек.
Жанат қазір бала тәрбиесімен үйде отыр. Бірақ, сүйікті жұмысынан қол үзген емес. Отбасы мүшелері де оған әр кез қолдау білдіріп келеді.
Жанат Ақбалина, суретші:
- Астанаға жіберген кезде «кішкентай қыз мұндай сурет салуы мүмкін емес» деп, сенбей қойған. Жолдасым жібімнің бәрін алып береді. Атам станок жасап береді.
Суретші қиялындағы бейнені алдымен қағазға түсіреді. Содан кейін шабыты келгенде ғана тоқуға кіріседі. Гобелен шеберінің жұмыстарына сұраныс жоғары. Тіпті, арнайы келіп, үйренуге ниетті жастар да бар.
Жансая Есенжанқызы, облыстық Өнер музейінің ғылыми қызметкері:
- Бұл көрмені Тұңғыш Президентіміздің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына сәйкес өткізіп жатырмыз. Жанат Ақбалинаның «Менің өмірімнің бейнесі» атты көрмесі. Жастар, студенттер, оқушылар келеді. Осы техниканы үйренгісі келетін адамдар келіп, сұрап кетеді.
Көрмеге Жанаттың таңдаулы деген 11 жұмысы қойылған. Шебер «Әр картинамның айтар ойы бар», - дейді. Болашақта жеке көрмесін шетелде өткізуді жоспарлап отыр.
Жақсыбек КЕМАЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
