Басты Жаңалықтар Астанада қазақ мәдениетінің жауһарлары көпшілікке ұсынылды

Астанада қазақ мәдениетінің жауһарлары көпшілікке ұсынылды

Елордадағы Ұлттық музейдің этнография залында жаңа экспозициялар көпшілікке таныстырылды. Қазақ халқының рухани болмысы мен ұлттық бірегейлігін айқындайтын мәдени ортада жылдар бойы жинақталған құнды жәдігерлер қойылған. Олардың қатарында XIX ғасырдағы Батыс Қазақстаннан шыққан сәукеле, зергерлік әшекейлер, ұлттық киімдер мен киізден жасалған үй бұйымдары бар. Кілемнің 47-і түрі қойылған залда ерекше. Барлығы 258 жәдігер ұсынылған.
Айта кетейік, әшекей бұйымдардың пішіні мен ою-өрнегі ғана емес, материалы да айрықша мән-мағынаға ие. Мәселен көмкеруші тастарды таңдағанда олардың табиғи әсемдігімен қатар емдік қасиеттеріне де баса назар аударылған. Шара ұлттық мұраны сақтап, мәдениетті дәріптеуге бағытталған маңызды қадам дейді ұйымдастырушылар.
Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Ұлттық музейінің директоры:
Кілемдерімізге арнайы осындай зал ашып отырмыз. Әртүрлі-әртүрлі өңірлерден текемет, сырмақ киіздердің әр оюлары ерекшеленіп көрсетілетін өнерімізді көрсеткіміз келіп жатыр. Шетелден келген қонақтарымыз бен өзіміздің азаматтар этнографиялық заттарға көп қызығушылық білдіреді. Біз соны байқап, әдейі кеңейтіп отырмыз. Мұның бәрі де қазақтың мәдениетін ашып көрсетеді деген үміттеміз.

Бөлісу