Қолданбалы ғылымға қолдау қажет
Елімізде ғылымды коммерцияландыру деңгейі бар болғаны 17 пайыз. Бұл – ғалымдар идеясы өндіріске жете алмай отырғанын көрсетеді. Сарапшылар мемлекет тарапынан берілетін гранттардың басым бөлігі фундаменталды зерттеулерге бағытталғанын айтады. Ал қолданбалы ғылымды дамыту үшін қандай қадамдар қажет? Айдана Қуантхан тарқатады.
Жас ғалым Бекзат Аманов агроөндірісте жаңа технологияны қолдануды көздеп отыр. Ол бақтағы алманы теруге арналған робот әзірлеп жатыр. Қазір құрылғының 2D, 3D үлгілері дайын. Жасанды интеллектке негізделген жоба үш жылдан соң қолданысқа беріледі. Алайда роботтың әр деталін жасау қиынға соғып тұр, - дейді автор.
Бекзат Аманов, робототехника ғылымдарының PhD докторы:
Біз жасаған заттарды жасайтын зауыттардың жоқтығы. Яғни кез келген жобалаған заттарымызды өзімізде жасай алсақ, неге коммерцияланбасқа? Мысалы бір роботтың бір деталін жасайын деп едік, оған Қазақстанда 8 млн сұрады. Әрине бұл бізге ауыр.
Физика ғылымдарының докторы Әмірхан Темірбаев ғалымдардың идеясын нарыққа шығару үшін арнайы технопарктер керек деп отыр. Мұндай орталықтарда ғылыми жобаның алғашқы нұсқасы әзірленеді, кейін өндірістік сынақтан өтеді. Содан соң инвестор тартуға мүмкіндік болады, - дейді маман.
Әмірхан Темірбаев, физика ғылымдарының PhD докторы, Farabi SuperComputer Center директоры:
Тек қана мақала жазумен шектелмеу керек. Өндіріс орындарына акт жасау керек, патенттер алу керек, авторлық құқық алу керек деген сияқты шарттар қоюымыз керек. Технопарк құрылса, технопарктің құрамында бизнес-инкубация бағдарламалар болады. Сонда ғалымдарымыз бизнес өкілдерімен қалай тілдесу керек, өзінің идеясын, ойын қалай сату керек соны үйренеді.
Ғалым әр жобаның үлгісін үш жылда емес, алты ай не бір жыл ішінде-ақ жасауға болады дейді. Нәтижесінде ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейі 50 пайызға дейін артуы мүмкін деп болжап отыр. Бұл қатарда Бекзат Аманов сияқты жас ғалымдардың тың идеялары агроөнеркәсіпті дамытуға серпін береді деп есептейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
