Қаламқас Турағазина елге бес баласымен Ресейдің Орынбор облысынан келген. Құжаты болмаған соң тұрақты жұмысқа орналасып, отбасын асырауға да мүмкіндігі жоқ. Ал, азаматтық алайын десе, әкімшілік айыппұл төлеуге және Ресейге баратын жол пұлына қаржы таба алмай отыр.
Қаламқас Қарғалы ауданына 1999 жылы келген. Істі болып, түрмеге түскен жолдасы бірер жыл бұрын көз жұмған. Балалары кәмелет жасына толған соң өздері барып, уақытша құжат жасатып алған. Қазір барлығы Ақтөбе қаласында жалдамалы үйде тұрып жатыр. Отбасын асырап отырған үлкен баласы. Тұрмыс тауқыметін тартқан ана «осы жылдар ішінде азаматтық алуға ешқандай мүмкіндігім болмады», - дейді.
Қаламқас Турағазина, қала тұрғыны:
- Ауылда жұмыс істедім. Балаларым Туу туралы куәлікпен мектепті бітірді. Қазір ұлымның қолында отырмын.
Қаламқастың кіші баласы эпилепсияға шалдыққан. Құжаты болмаған соң, оған қажетті тегін емді де ала алмай отыр. Ал, өзінің зейнетке шығатын мерзімі таяу. Сондықтан, Қазақстан азаматтығын тезірек алсам дейді. Оның жағдайымен облыстық Полиция департаменті Көші-қон қызметінің мамандары жақсы таныс. Айтуларынша, ол алдымен он айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі тиіс.
Бекболат Бұқанов, облыстық ІІД Көші-қон қызметінің инспекторы:
- РФ азаматы болғандықтан, РФ Орал қаласындағы консулдығына жолығып, РФ азаматтығынан шығу туралы арызданғаны туралы анықтама алып, ҚР азаматтығына құжат тапсыра алады.
Мамандардың айтуынша, Қазақстан азаматтығын үш ай ішінде алуға боладі. Алайда, Қаламқас пен оның жалдамалы қызметте жүрген баласы әкімшілік айыппұл мен құжат рәсімдеуге қаржы таба алмай отыр.
Жақсыбек КЕМАЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.