15 жастағы Адина шет тілдегі шығармаларды жылдам оқудан рекорд жасамақшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

15 жастағы Адина шет тілдегі шығармаларды жылдам оқудан рекорд жасамақшы

26.11.2018

Жылдам оқудың жүйрігі. 15 жастағы Адина Манатбекова ерекше қабілетімен көпке танымал. Ресейлік телебағдарламаға қатысқан алматылық оқушы мұнымен тоқтап қалмақ емес. Ендігі кезекте Адина шет тіліндегі шығармаларды жылдам оқып, рекорд жасауды көздеп отыр. Замандастарынан ойы жүйрік оқушының тағы қандай жоспары бар?

Бұл «Россия-1» телеарнасындағы «Ерекше адамдар» бағдарламасы. Алматылық оқушы Адина Манатбекованың айрықша қабілетіне таңқалмаған адам жоқ. Ол небәрі 35 секундта кітаптың 18 бетін оқып, мазмұнын айтып берді. Қазылардан жоғары баға алған Адина мұнымен шектелмек емес. 15 жасар оқушының жылдам оқудан тағы да рекорд жаңартпақ ниеті бар.

Адина Манатбекова, жылдамдыққа оқу бойынша Қазақстан чемпионы, №125 мектептің оқушысы:

- Әр туындының мазмұны, жазу құрылымы бір-біріне ұқсамайды. Кітаптағы әріптердің өлшемі де оқуға әсер етеді. Кейбір авторлардың туындысында оқиға желісі бірізді болса, кейбірі шытырман. Соған қарамастан, ақпаратты лезде есіме сақтауға тырысамын.

Педагогикада жылдам оқу әдістемесі бұрыннан бар. Мұндай тәсіл баланың кітапқа деген құмарлығын арттырады. Есте сақтау қабілетін дамытады. Зейіні ашылған адамның ойы жүйрік болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан, қазір Адина музыка, тіл ұстарту үйірмелеріне барады. Тігіншілік өнерге де әуес.

Инна Каулина, жылдам оқу әдісі жөніндегі жаттықтырушы:

- Адина өте зерек, қағылез қыз. Алғашында арнайы мамандар онымен 5 күн дайындалды. Кейін 1 жылдан кейін біз оған жылдам оқудың басқа әдістемесін әзірледік. Қазір бағдарлама күрделене түсті.

Адина Манатбекова 2016 жылы 1 минутта 94 мың сөзді оқып, оның мән-мағынасын 90 пайызға түсінсе, қазір 60 секундта 132 мың сөз оқып, мазмұнын 100 пайыз айтып бере алады. Енді ол үш шығарманы бір мезетте оқуға дағдыланып жүр.

Кітаптың мазмұнын жылдам есте сақтау үшін «Шульте» кестесін меңгеру қажет. Оның әр торында ақпарат ретсіз орналасқан. Оның тілін тапқан адамның ақпаратты қабылдау жылдамдығы артады. Яғни ирек із, диагональ арқылы оқу әдістерін үйренеді.

Адина Манатбекова, жылдамдыққа оқу бойынша Қазақстан чемпионы, №125 мектептің оқушысы:

- Келешекте дәрігер боламын деп шештім. Сондықтан, оқудан бөлек, биология, химия пәндерінен қосымша сабақтарға қатысып, түрлі зертханалық жұмыстармен айналысамын.

Жылдам оқудан Қазақстан чемпионы Адина Манатбековның күнделікті дағдысы бар. Мәселен, сабақтан тыс уақытта 1 кітапты толықтай оқиды. Алдағы уақытта шет тілінде жазылған шығармаларды жылдам оқып, қабілетін одан әрі шыңдамақшы. 

 

Әсем ҚАБЫЛБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу