Шымкент донор қалаға айналады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент донор қалаға айналады

22.11.2018

Шымкент 2025 жылға қарай донор қалаға айналуы мүмкін. Мәжілістің жалпы отырысында «Әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Алдағы 8-15 жылда Шымкент қаласы дотациялық өңірден донор шаһар деңгейіне көшеді. Сонымен қатар,  жер салығы Шымкентте 2020 жылдан бастап өседі. Ал, 2018 және 2019 жылы оның мөлшері бұрынғы деңгейде сақталады.

Үкімет мүшелері 2024 жылға дейін Түркістан облысын дамыту бойынша арнайы кешенді жоспар әзірленіп жатқанын айтты. Ауқымды 115 шарадан тұратын жоспарды орындауға 870 млрд. теңге бөлінбек. 11 кодекс пен 40 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Ерсұлтан Бектұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жүргізіліп жатқан реформа мемлекетіміздің қазіргі заманғы мемлекетішілік аумақтық жүйесін қалыптастыруда маңызды әрі тарихи оқиғаға айналды. Бұл қадам Шымкент пен Түркістан облысының теңдестірілген әлеуметтік-экономикалық дамуына, сондай-ақ, екі өңір тұрғындарының өмір сапасын дәйекті түрде арттыруға орнықты серпін береді.

Индира БЕГАЙДАР

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу