«Ендігі кезек сенікі»: Ақтөбе іргесіндегі ауылда белгісіз біреулер тұрғындардың шөбін өртеп жатыр
Ақтөбе облысындағы Қосестек ауылының халқы үреймен отыр. Қаскөйлер тұрғындардың жаз бойы жинаған пішенін өртеп жібереді екен. Айналасы он күннің ішінде жеті үйдің ауласындағы шөп күлге айналған. Бұл аз болғандай, тағы үш үйге «Ендігі кезек сенікі» деген ескерту хат қалдырған. Амалы таусылған халық түнімен кірпік ілмей, қора-жайын күзетуге көшкен.
Ауыл тұрғындары күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған. Айтуларынша, күнара бір үйдің шөбі өртенеді. Мәселен, Тағыберген Байменовтің қора-жайы екі күн бұрын ғана отқа оранған. Оның жинаулы тұрған 1000 бума шөбі әп сәтте күлге айналған.
Тағаберген Байменов, ауыл тұрғыны:
- Жау сырттан келмейді, арамызда. Келесі күні көршімдікі жанғанда ескерту хат қалдырған.
400-ден аса түтіні бар елді мекенде өрт сөндіретін көлік жоқ. Тұрғындар көрші Әлімбет ауылынан көмек келем дегенше қызыл жалынмен өздері алысуға мәжбүр. Амалы таусылған жұрттың кейбірі малын сатып жіберген. Басқалары ауласын жарықтандырып, бейнекамера қойған.
Гүлнәр Алманова, ауыл тұрғыны:
- Шөп жоқ. Малдың барлығын шығардым, ұстамаймын. Қорқамын. Енді бара-бара үйді өртейтін шығар.
Қазір ауылдағы өрт оқиғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ал, мал азығынсыз қалғандарға жеке қожалықтар былтырдан қалған шөпті жинап бермек.
Гүлжан Досмағамбетова, Қосестек ауылдық округінің әкімі:
- Қазір қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. 14-інен бастап тәулік бойы кезекшілік бар.
Полиция ауыл халқын үрейде ұстап отырған адамды бір аптадан бері іздеп жатыр. Аудан орталығынан арнайы мамандар да келген. Бірақ, әзірге нәтиже жоқ. Сондықтан, тұрғындар қораларын күн-түн демей күзетуге мәжбүр.
Жақсыбек КЕМАЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
