Теңгенің орнына 90-жылдары арнайы облигациялар қолданған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теңгенің орнына 90-жылдары арнайы облигациялар қолданған

15.11.2018

Теңге алғаш айналымға енген жылдары, өңірдің өз ақшасы болған. Мәселен, Семей облысында осы аумаққа ғана жарамды саналған жергілікті валютаны  мекемелер жұмысшыларға еңбекақы ретінде берген. Ақша өте қарапайым түрде, жергілікті типографияда бастырылған. Қағазға тек «Семей облыстық әкімшілігі» деген жазу мен оның құны және шыққан жылы ғана басылған көрінеді. Алғашқы жылдары валюта аз болғандықтан  мұндай ақша ресми түрде қолданыста болған. Қазір оның 50 теңгелік үлгісі жәдігер ретінде қаладағы өлкетану мұражайында сақтаулы тұр.

Гүлнұр Төртенова, облыстық Тарихи-өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі:

- Ол кезде қазіргі заман сияқты принтер болмаған. Компьютер ол кездерде көп болған жоқ. Сондықтан, жай қарапайым қағазға сомасы мен жылын ғана көрсетіп, қағазға шығарып, айналымға түсірген болатын. Аумақтық әкімшілік бойынша адамдар ақшаның орнына соны пайдаланған. 

Ал, Павлодар облысында қолма-қол ақшаның орнына сол кезде талон немесе купондар жүрді. Өңірдегі өлкетану музейінде солардың 50-ден аса түрі қазір сақтаулы. Теңгені алмастырған құнды қағаздар мұнда да жергілікті баспаханаларда  дайындалды. Ақшаның орнына лотерея билеттерін үлестірген сәттер де болған. 

Әлия Жомартова, Потанин атындағы тарихи өлкетану мұражайының қор сақтаушысы:

- Қолма-қол ақша аз болғандықтан, Павлодар, Алматы қалаларында осындай неше түрлі лотерея билеттері шығарылған. Мысалы, осы лотерея билеті Павлодарда шығарылған, оның құны 100 теңге болатын, 100 теңгеге 1 млн.теңге ұтып алуға болады. Осы лотерея билетіне 1995-1997 жылдары үй алуға болатын. Билетте әкімнің мөрі бар. Мөр болғандықтан, осы лотерея билеті ақшаның орнына жүрген. 

 

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу