Келер айдың біріне дейін төмендетілген жаңа тарифтердің тізбегі жариялануы тиіс. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Энергетика және Ұлттық экономика министрлеріне осындай тапсырма жүктеді. Құзыретті мекемелер қадамдық жоспар енгізу арқылы электр мен жылудың, сумен, газбен жабдықтау қызметтерінің, сондай-ақ, кәріз желісінің, интернеттің және Пәтер иелері кооперативтерінің тарифтері қалай және қаншалықты төмендейтінін көрсетуге міндетті. Сондай-ақ, монополистердің заңсыз қалтасына басқан қаражаттарын халыққа қайтару бойынша да есеп жыл соңына дейін тапсырылмақ. Тарифтерді әдейі көтерген монополистер болса, заң алдында жауап беріп, тиісті жазасын алады. Ал, тарифтерді белгілеу ашық түрде жүзеге асырылуы тиіс. Яғни, бұдан былай тарифке қатысты әрбір азаматтың ұсынысы ескерілмек. Сондай-ақ, жаңа жылдан бастап электр қуатын есептеудің жаңа тарифі қолданылады.
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
- Энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясының құны қуат тарифі және электр энергиясына тариф ретінде бөлінетін болады. Министрлік екі компоненттің (қуат бағасы мен электр энергиясының бағасы) қосындысы бойынша электр станциялары үшін электр энергиясына бағаны төмендету бойынша шаралар қабылдайды. Электр энергиясына объективті шекті тарифтерді белгілеу энергия өндіруші ұйымдардың сату бағасын төмендетуге мүмкіндік береді.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.