Елімізде келер жылдан бастап тарифтер жаппай арзандайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде келер жылдан бастап тарифтер жаппай арзандайды

26.11.2018

1 қаңтардан электр энергиясы, жылу, су, газ, көмір тарифтері мен интернет, байланыс жүйелері және коммуналды қызметтердің құны төмендейді. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық жиналысында айтылды. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын реттеу мәселесі де қаралды.

Әдетте жаңа жылдан бастап елімізде тарифтердің құны жаңаланып, шарықтап кететін еді. Алайда, биыл қымбаттамайды, керісінше, жаппай арзандағалы тұр. Отырыста министрлер бірінен соң бірі тарифтердің қалай төмендейтінін айтып берді. Алдымен, электр энергиясының құны кемиді. 25 пайызға дейін. Осы аптада төмендетілген жаңа шекті тариф бекітілмек.

Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:

- Қазір барлық электр станцияларымен тиісті шығындарды есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кейбір станцияларда мүмкін 25 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Кейбір станцияларда аздау болады. 10 күннің ішінде шешім қабылданады. Жалпы, тарифтер 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Өңірлерде көмірдің бағасы да арзандайды. Қазір осы мақсатта арнайы меморандумдарға қол қойылып жатыр. Жеткізу, тасымалдау құнына байланысты қатты отынның бағасы әр аймақта әр түрлі болмақ. Айталық, Ақмола, Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстарында тоннасы 16%-ға арзандаса, Шымкентте шамамен 17 пайызға төмендемек.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі: 

- Қабылданған шаралардан кейін Астанада көмір бағасы 18 пайызға дейін төмендейді деп жоспарланып отыр. Бір-екі аптаның ішінде, 13610-14100 теңгеден 11200 теңгеге дейін арзандайтын болады. Айырмашылығы орташа алғанда 2400 теңге.  

Ендігі екпін – арзандатылған көмірдің бағасын қолдан қымбаттатуға жол бермеу. Яғни, тасымалдау құнын қатаң қадағалау қажет.

Бұдан бөлек, 1 қаңтардан бастап газбен жабдықтау, ұялы байланыс, интернет, қоқыс шығару, кәріз, жеделсаты қызметтерінің де құны төмендейді. Алайда, елдегі бірқатар өңірде жыл басынан бері қоқыс шығару құны қымбаттаған. Шығыс Қазақстанда 30, Батыс Қазақстанда 46, ал, СҚО-да 50 пайызға дейін көтеріліп кеткен. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев коммуналды қызметтер тарифтерінің өсуіне жол бермеуді және төмендету бойынша тиісті шаралар жүргізуді тапсырды.

 

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу