Қостанай облысындағы Первомай ауылының жолы 30 жыл бойы жөндеу көрмеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысындағы Первомай ауылының жолы 30 жыл бойы жөндеу көрмеген

12.11.2018

Қостанай облысындағы Первомай ауылының жолы 30 жыл бойы жөндеу көрмеген. Соның кесірінен талқаны шығып, барыс-келіс пен алыс-беріс қиындаған. Тұрғындардың белсенділігінің арқасында биыл сең қозғалғандай болды. Қазір шұрық-тесік болған жолдың алғашқы шақырымдары тегістеле бастапты.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

- Көлігіңіз қанша жүйрік болса да, мына жолмен желдей жүйітку мүмкін емес. Шұрық-тесік, ой-шұңқыры көп. Абайламасаңыз, көлігіңізді соғып алуыңыз мүмкін. Сондықтан, жылдамдықты сағатына 40 шақырымнан асырмай, баяу жылжуға тура келеді.

Аудан орталығы Федоров пен Первомай ауылының арасы 34 шақырым. 30 жыл бойы жөнделмей, ойран-топыры шығып жатқан да осы аралық. Аса қашық емес, әрине. Алайда, осы 30 шақырым тұрғындарды титықтатып жіберген. Жолаушылар тасымалымен айналысатын арнайы көлік жоқ.

Зинаида Борзенко, Первомай аулының тұрғыны:

- Жолақы құны сізді қажет жеріңізге апаруға келіскен адамға байланысты. Біреуі аудан орталығына дейін 4 мың теңге алады, енді бірі 6 мың теңге сұрайды. Облыс орталығына бару 12 мың теңге. Әрине, қымбат.

Жолаушылар таситын шағын автобус 2014 жылға дейін жүрген. Жолдың сапасыздығынан кейін ол өз қызметін тоқтатқан. Ауылға кез келген тауар түрлерін тасымалдау да қымбатқа түседі. Тұрғындар бұдан әрі қол қусырып қарап отыруға болмайтынын түсінді. Жол мәселесін билікке жеткізуге тырысты.

Виктор Орлянский, Первомай ауылының әкімі:

- Біз бұл мәселеге жоғары жақтың назар аударуын табандылықпен талап еттік. Барлық есеп беру жиындарында аудан, облыс басшыларына айтылды. «Нұр Отан» партиясына жаздық. Ақыры биыл жолды жөндеуге қаржы бөлінді.

«Федоров-Первомай» бағытындағы жолды жөндеу екі жылға жоспарланған. Жоба құны 864 млн. теңге. Биыл соның 269 мың теңгесі игеріліп, 3 шақырым асфальтталды, 24 шақырымы тегістелді. Алдағы жылы жөндеу толық аяқталуы тиіс. Первомай - екі ірі серіктестік, 10 шақты шаруа қожалығы бар іргелі елді мекен. Барлық әлеуметтік нысандар жұмыс істейді. Сондықтан, жолдың жаңартылуы ауылдың дамуына тың серпін беруі тиіс.

 

Дәуренбек ӘБДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу