Қостанай облысындағы Первомай ауылында жол мәселесі шешілмей келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысындағы Первомай ауылында жол мәселесі шешілмей келеді

01.07.2021

Қостанай облысындағы Әулиекөл ауданына қарасты Первомай ауылының жолын жөндеген мердігер, оның үстіне жұдырықтай жұмыр тастарды төгумен шектеліпті. Тұрғындар соның кесірінен соңғы үш жылда қатынас мүлде қиындады деп отыр. Ал тас үстіне асфальт төсеуге қажетті жобалық сметалық құжат бір жылдан бері дайын болмай келеді.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Қыры пышақтың жүзіндей, көлемі жұдырықтай мынадай тасты жолдан көрсеңіз, әрине, айналып өтесіз. Себебі ол көлгіңіздің дөңгелегін немесе астындағы бөлшектерін зақымдауы мүмкін. Ал Первомай ауылына барсаңыз айналып өтуге мүмкіндік болмайды. Өйткені осыдан үш жыл бұрын көтерме жолдың үстіне осындай тастарды үйіп тастаған. Яғни жөндеу жұмыстары осылай жүргізілген.
Сырттан келгендер болмаса, жергілікті жұрт көтерме жолға қыста жерді қар басып, жазда жаңбыр жауғанда ғана амалсыз шығады. Қалған уақытта даламен жүреді. Себебі үш жыл бұрын үш жүз млн теңгеге төгілген жұмыр тастың кесірінен көлікке зақым келіп жарты жолда қалуыңыз мүмкін.
Кенжеғұл Бижанов, Первомай ауылының тұрғыны:
Машинаның картерін теседі. Қанаттарын жинап тастаған көліктерді көзіммен көрдім. Оның бәрі қиянат қой адамға. Сырттағы балаларымыздың өзі келуге безіреп тұрады. Келсе ремонт керек машинаға.
Геннадий Коленко, Первомай ауылының тұрғыны:
Жолдың мынау шамалы тапталып тегістелген түрі. Бұған дейін тіпті жаман болды. Дөңгелекті тіліп түсетін. Бармаған жеріміз жоқ. Құрғақ уәдеге тойдық.
Сапасыз жолдың жалпы ұзындығы 24 шақырым. Былтыр соның 12 шақырымына асфальт төсеу үшін жобалық сметалық құжат дайындалуы тиіс еді. Алайда тендерді ұтып, құжат жасауды мойнына алған мердігер міндетін тиісті мерзімінде орындамаған.
Нұрбол Қосанов, Первомай ауылының әкімі:
Келісімшарт бойынша о кісі жаңа жылға дейін дайындап тапсыруы керек еді. Құжат дайын болса біз жөнденуге ақша сұрар едік. Алайда ол уақытта созып келгендіктен қазір ештеңе болмай тұр.
Құжатты қабылдайтын Ұлттық жол активтері сапасы орталығы мамандары жобадан бірнеше рет қате тапқандарын айтады. Сондықтан қайтарып жіберіп отырған. Ал құжатты дайындауды мойынына алған мердігердің бұл туралы өз уәжі бар.
Сәбит Жұмашев, Gimarat-jol ЖШС өкілі:
Қымбат материал болса оны ауыстырады арзанға. Кейде олардың уақыты болмайды, кейде менің уақытым болмайды. Сонымен бүгін соңғы вариантын жібердік. Осы апта шығуы тиіс қорытындысы.
Алайда қабылдаушы жақтың жобалық құжатты бекітіп бекітпейтіні әзір белгісіз. Сондықтан 12 шақырым жолға асфальт төсеу дәл биыл басталады деп ешкім тап басып айта алмайды.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу