Алматыда қайғылы жағдайда қаза тапқан, мәнерлеп сырғанаудан Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Теннің туып-өскен үйіне мемориалдық тақта орнатылды. Оған белгілі спортшының туған-туыстары мен жақындары, әріптестері және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ашылу рәсіміне арнайы келген ресейлік жаттықтырушы Татьяна Тарасова мұз айдынының ханзадасы атанған танымал жанның ерекше қасиеттерін айтып, көзіне жас алды. Ал, Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева жиналғандарға небәрі 25 жасында жасындай жарқылдаған Денис жайлы естеліктерін жеткізді.
Татьяна Тарасова, КСРО Еңбек сіңірген бапкері, Ресейдің халықаралық спорт шебері:
- Өз елінің ұлы баласы және бұл шын. Мен осындай бірегей тұлғаны тәрбиелеп өсірген оның ата-анасына шексіз алғыс айтамын. Онымен бірге жұмыс істеп, оған үйрету мені бақытты етті. Менің көптеген шәкірттерім болды, ал, Денис солардың ішінде біріншісі. Сіздерді оны мәңгі ұмытпайды деп үміттенемін. Өйткені, менен мыңдаған мықты спортшылар тағзым жасауды өтінді.
Роза Рымбаева, Халық әртісі:
- Денис патриоттықтың, тазалықтың, нағыз батырлықтың символы. Ол білімді, заманауи, ұлы, ғажайып тұлға және жастарға осы қасиеттерімен үлгі. Әттең, жас кетті, бірақ, мәңгілік біздің есімізде қалды.
Руслан ҚОСАНОВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.