Басты Жаңалықтар Ақтөбеде бір жыл бұрын болған кісі өліміне кінәлілер әлі анықталмады

Ақтөбеде бір жыл бұрын болған кісі өліміне кінәлілер әлі анықталмады

Ақтөбеде бір жыл бұрын жоғалып кетіп, артынша денесі табылған кәсіпкердің өліміне кінәлілер әлі күнге дейін анықталмады. Құқық қорғау органдары бірер күн бұрын істің уақытша тоқтағанын хабарлаған. «Әйтсе де, кәсіпкерді алып кеткен көлік пен ондағы адам бейнекамераға түсіп қалған. Сондықтан, бұл қылмыстың ашылмауы мүмкін емес», - дейді марқұмның туыстары.

Жақсыбек Кемал, тілші:

- Ерхан Тілеуімбетов былтыр 3 тамызда жоғалып кеткен еді. Оны қарбыз сатып тұрған жерінен біреулер көлікке салып алып кеткен. Ал, денесі арада екі айға жуық уақыт өткенде Ақтөбеден Үшқұдық ауылына қарай шығатын жол бойынан табылды.

Базар аумағында тұрған бейнекамераға Ерханды алып кеткен джип көлігі мен оның жүргізушісі түсіп қалған. Алайда, адамды тану мүмкін емес. Мамандар «көлік нөмірі де анық көрінбейді», деген.

Райхан Есенаманова, марқұмның анасы:

- Машинаның нөмірін аша алмай отырмыз - дейді. Бір көліктің нөміріне қарап отырғанымыз дұрыс емес сияқты. Ішкі істері органына ұят нәрсе.

Марқұмның туыстары кінәлі адамды өздері де анықтауға тырысқан. Тіпті куәгерді тауып, сөйлесіпті. Бірақ, одан полиция қызметкерлері жауап алмаған.  

Ғалия Есенаманова, марқұмның апасы:

- О баста іс дұрыс қаралған жоқ. Камерада көрсетілген алып кеткен жігітті іздеудің орнына олар мәйітті іздеп жөніне кетті. Ұзақ уақыт создырып алды. Машинаның қаланікі екенін біліп тұрмыз. Соны тиянақты түрде тексермей тұр.

Қылмыстық іс бұған дейін де уақытша тоқтатылып, қайта қаралған.

Азамат Құстанов, облыстық Прокуратураның басқарма басшысы:

- Қазіргі таңда тергеу әрекеттерінің нәтижесі бойынша кінәлі адамның анықталмауына байланысты қылмыстық іс бойынша тексеру мерзімі үзілген. Қазір облыстық Прокуратурамен аталған шешімнің заңдылығы тексерілуде.

Кісі өлімін анықтау барысында полиция салғырттық танытты деп ашынған марқұмның жақындары істі соңына дейін жеткізуге бекінген. Жуық арада олар Бас прокуратруаға шағымданбақ. 

 

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу