Ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін түбегейлі арттыру және экспортқа өңделген өнім көлемін көбейту - аграрлық саланы дамытудың басты мақсаттарының бірі. Бұл межеге жету үшін мемлекет жаңа технологиялар мен зияткерлік жүйелерді қолданысқа енгізген шарулардың ісіне барынша қолдау көрсетеді. Сондай-ақ, отандық өнімнің экспорттық әлеуетін нығайтуға да баса мән беріліп отыр.
Қазығұрт ауданындағы серіктестік өңірдегі ең ірі ет экспорттаушы шаруашылықтың бірі. 12 мың ірі қара бордақылайды. Биылдың өзінде Иран мен Өзбекстанға 2 мың тонна ет саудалады. Агросалаға жасалатын мемлекеттік қолдау енді шаруашылық жұмысының аясын кеңейтуге мүмкіндік бермек. Серіктестік басшылары соны пайдаланып, тағы 10 мың ірі қара бордақылайтын кешен құрылысын бастауға ниетті.
Сырым Ертаев, шаруа қожалығының төрағасы:
- Биылғы Жолдауда 2020 бағдарламасын 2025 жылға дейін созу туралы айтылды. Ол бізге үлкен қолдау. Экспортқа шығарып жатқандарға несиелер беру, қаржыландыру, бизнесті қорғау жөнінде айтылды. Бұл кәсібімізді дамытуға септігін тигізеді.
Жолдау жермен жан баққан шаруаның да жұмысына соны серпін әкелгелі отыр. Аграрлы ғылымды дамыту, озық технологияларды пайдалану нәтижесінде егіншіліктің өзіндік құнын төмендету, жерді тиімді игеретіндерді ынталандыру секілді жаңашылдықтар диқандар қауымын ширатып, іске құлшындыра түсті.
Хабибулла Азимов, шаруа қожалығының төрағасы:
- Аграрлық сала қазіргі күнде инвестицияны, жаңа технологияны қажет етеді. Тамшылатып суару, гидропоника, жерасты суларын пайдалану технологияларын қолдау қажет. Жолдауда Президент осы нәрселерге айырықша тоқталды.
Жолдауда айтылған басты міндеттің бірі - экспортқа шығарылатын өңделген өнімді 2,5 есеге көбейту. Бұл мақсатқа жету үшін облыста 2025 жылға дейін ауыл шаруашылығын дамытудың тұжырымдамасы жасалды. Құжатта өнім көлемін ұлғайтудың нақты жолдары белгіленді.
Нұрбек Бадырақов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Облыста жылыжайлар салу, баулар, мал бордақылау алаңдары, сүт сауу бекеттерін орнату, сондай-ақ, асыл тұқымды ірі қараны 2,5 есеге көбейту көзделіп отыр.
Түркістан аграрлық салада тиімді технологияларды кеңінен пайдаланып келе жатқан өңірдің бірі. Бүгінде аймақтағы егістік алқаптың 1800 гектары тамшылатып суарылады. Ал, жылыжай көлемі 1285 гектарға жетіп отыр.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.