Алматыдағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында зейнеткерлердің уақытты тиімді пайдалануына барлық жағдай жасалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында зейнеткерлердің уақытты тиімді пайдалануына барлық жағдай жасалған

29.10.2018

Алматы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына күн сайын 200-ден аса егде жастағы адам келіп, әлеуметтік көмек алады. Мұнда зейнетке шыққан қариялардың уақытын тиімді пайдаланып, саламатты өмір салтын ұстану үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, олар «Айкүне» ұлттық жаттығуымен шұғылданып, түрлі дәрістер өтеді. Тіпті, ағылшын тілін үйреніп жүрген қарттар орталықтың шарапатын көріп, тіл сындыра бастаған.

Сексеннің сеңгірінен асқан Сағаділдә Әжібаевтың санасы сергек. Себебі, 57 жыл отасқан жары екеуі ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Енді немерелері сабаққа кеткенде үйде бос отырмайық, деп «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына келеді. Бұл жерде спортпен шұғылданғандықтан қимылы ширақ, көңілі көтеріңкі. 

Сағаділдә Әжібаев, зейнеткер:

- Адамның ұзақ жасауының бір себебі адам қозғалысының бәрін бас, ми басқарады. Сол миды шынықтырса міне, организм өзі де сау-саламатта болатын көрінеді. Қартайғанда осымен біттім, болдым деп әлгі оқып біткен кітап сияқты жаба салып, жата қалудың керегі жоқ. Ары қарай өмірді жалғастыра беру керек. Ал, ол үшін қоғамдық өмірге белсенді қатысу керек.

«Мегаполисте 222 мың зейнет жасындағы адам болса, солардың 12 пайызы ұзақ өмір сүреді», - дейді мамандар. Қазір «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының базасында 1757 адам тіркелген. Олар  кез келген уақытта осында бас қосып, пікір алмасып, заңгер, психолог, дәрігерлердің көмегіне жүгіне алады.

Аюпжан Ғайнидинқызы, «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының психологы:

- Апаларымыз бен аталарымыз зейнетке шыққаннан кейін өзінің қоғамға керектігін сезінуі азаяды. Сол үшін біз олар өзін керек сезінсін деп, олардың өзіне деген сенімін көтереміз. Сөйтіп олар бірте-бірте өзіне сенімді бола бастайды.

Зейнетке шықса да қажыдым демейтін Сағаділдә секілді жандар мұнда өнер үйренеді. Орталыққа келем деген кез келген зейнеткерге таңнан кешке дейін есік ашық. Сондықтан, жаңа орта тауып, көңілдері көтерілген қазыналы қарттар болашақта қоғамның дамуына үлес қосатын жобаларын да ұсынуға ниетті.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу