Қазақстан Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына 500 мың доллар қаржылай қолдау көрсетпек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына 500 мың доллар қаржылай қолдау көрсетпек

15.10.2018

Еліміз биыл 100 мыңға жуық қандасымыз тұрып жатқан Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына 500 мың доллар қаржылай қолдау көрсетпек. 3 ай бұрын алапат су тасқынынан зардап шеккен бұл өңірде қазір селден қорғау бөгеті тұрғызыла бастады. Гидротехникалық нысанның құрылысына республикалық бюджеттен 30 миллиард төгрік бөлінген. Таудан келетін тасқын судан қорғайтын бөгет 3 жылда салынып бітуі тиіс. Табиғи апаттан жапа шеккен алыстағы ағайынға қазақ елі осыдан екі жыл бұрын да 200 мың доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсеткен.

Баян-Өлгей қаласы соңғы 2 жылда табиғи апаттан 2 рет зардап шекті. Биылғы шілде айындағы тасқын 2016 жылдағыдан да ауыр соқты. Таудан сел жүріп, жүздеген үйді шайып,елді есеңгіретіп тастады. Мұндай жағдай қайталанбас үшін бөгет құрылысы басталды. Қаланы айналдыра қоршап тұратын, іші бетондалған нысанның жалпы ұзындығы 27 шақырым болмақ.

Кәгбәт Хақрасулұлы, мердігер компанияның инженері:

- Селден қорғайтын арықты қазып жатырмыз. Жүмыс тамыз айында басталған. Қазіргі таңда 1,5 шақырым жасадық, жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Таулардан су жиналып, осы арық арқылы Қобда өзеніне құйылады.

Бұдан бөлек, Өлгей қаласында кәріз суларын тазартатын жаңа станция салынбақ. Ал қолданыстағы станцияға 32 жыл болған, әбден ескірген. Соңғы 17 жылдан бері кәріз сулары тек механикалық жолмен тазартылуда.

Адалбек Жүсіренұлы, Аймақтық су станциясының бастығы:

- Табиғатқа ешқандай залал тимейтін, қазіргі заманға сай, дүниежүзіндегі дамыған мемлекеттердегі станциялармен бірдей болады. Технологиясы сол Польше елінде өндіріледі деп жоспарланып отыр.

Өңірдің денсаулық саласында да тың жаңалық бар. Аймақ орталығында 200 орындық жаңа аурухана салуға да Үкіметтен қаржы бөлінген. Бұдан бөлек, Бай-Өлке қаласы арқылы өтетін транзиттік жүк көліктеріне арналған айналма жол, жаңа көпір салу көзделіп отыр.

Ғылымхан Айыпұлы,  Баян-Өлгей аймағының әкімі:

- 1974 жылы салынған жалғыз ғана көпір бар. 19,7 шақырым жол, 174 метр жаңа көпір салынатын болып жобаға енді. Бұған 30 миллиард төгрік қажет. Ол Азия даму банкі арқылы беріледі.

Қазір Баян-Өлгей аймағында 103 мың адам тұрса, оның 96 пайызы – қазақтар. Демографиялық өсім де жыл санап артып келеді. Бүгінде Өлгей қаласында жаңадан 10 балабақша мен 4 мектеп салынып жатыр.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу