Қазақстандық өнертапқыштар ойлап тапқан тың технологиялар қалың жұрт пен сарапшылардың назарына ұсынылды. Астанада өткен «Qazaqstan Tehnology Forum» инновациялық жобаларды жарыққа шығарудың алғашқы қадамы. Әсіресе, жиын жас ғалымдарға туындыларын талқыға тастап, білікті мамандардың дәрісін алу үшін аса қажет.
Мұстафа Бермағанбетов - өнертапқыш. Әріптестерімен бірге жыл бұрын жаңа жобаны жүзеге асыруға кіріскен. Жасанды қаңқа сал боп қалған адамдарға қайта жүруге көмектеседі. Түрлі тесттен сәтті өтті. Қазір медициналық мекемелермен келіссөздер жүргізуге кірісіп кеткен. Жұмысы мен сапасы шетелдік аналогтармен бірдей. Айырмашылық бағасында ғана.
Мұстафа Бермағанбетов, «Alatau robo technologies» компаниясының өкілі:
- Қазіргі кезде ең қолайлы, арзан экзоскилеттерді ресейлік және оңтүстіккореялық компаниялар жасайды. Олардың бағасы 40 мың доллар көлемінде. Біз 20-25 мың доллар шамасында жасаймыз деп ойлап отырмыз. Ол адамдарға қымбат болып көрінуі мүмкін. Егер де олар басқа жақтарда реабилитацияға кететін ақшасын есептесе, ол арзан болып есептеледі.
«Qazaqstan Tehnology Forum»-ның көздегені өнертапқыштарды бір алаңға жинау. Өз идеясын ортаға салып, өзгенің тәжірибесін үйренуге мүмкіндік беру. Сондай-ақ, технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік ұсынатын грант сынды инвестициялық көмек түрлерімен тереңірек танысу.
Марат Омаров, Технологиялық даму жөніндегі Ұлттық агенттіктің басқарма төрағасы:
- Грант арқылы қаржыландыруға 100-ден астам өтініш келіп түсті. Біз қазір оларды зерттеп, зерделеп жатырмыз. Жыл соңына дейін барлығын аяқтап келісімшарттарға қол қоямыз деп ойлаймын. Шамамен 20 шақты жобаны қаржыландырамыз.
Қайтарымсыз қаржыдан бөлек, бұл алаңда бүгін жас өнертапқыштармен бизнес өкілдерінің басы қосылды. Яғни, Мұстафа сияқты қоғам игілігіне қажетті құрылғы ойлап тапқандар жобасын тікелей қаржыландыратын инвестор табуға мүмкіндік алды.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.