Ақтөбе облысында мектеп директоры суға кетіп көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында мектеп директоры суға кетіп көз жұмды

09.10.2018

Ақтөбе облысында өткен сенбі күні жоғалған екі адамның денесі судан табылды. Құтқарушылар мен еріктілер оларды үш тәулік бойы іздеді. Марқұмдардың бірі 31 жастағы мектеп директоры Бақтыгерей Тәжмағанбетов болса, екіншісі Алға қаласының тұрғыны Нұржан Маханов. 

Жақсыбек Кемал, тілші:

-Құтқарушылар су астынан екі адамның денесін бүгін түстен кейін алып шықты. Жекенің иелігіндегі су қойма Қарақұдық ауылынан 12 шақырым жерде орналасқан. Бұған дейін мұнда адам батып кету деректері тіркелмеген екен.

Бақтыгерей Тәжмағанбетов Қарақұдық ауылындағы орта мектепке 2 жыл бұрын ғана ауысып келген. Әріптестері ол туралы тек жақсы пікір айтады.  Болған жайды естіп оқушылар да, мұғалімдер де есеңгіреп қалды.

Светлана Мырза, Қарақұдық орта мектебі директорының орынбасары: 

-Сабақтан тыс уақытта кешкілік достарымен бірге балық аулауға кеткен. Содан оралған жоқ. Басқа еш нәрсе айта алмаймын.

Туыстарының айтуынша, марқұмның жанында бес адам болған. Олар Бақтыгерей Тәжмағанбетов пен Нұржан Махановтың қайыққа отырып, қамыс тасасына кетіп қалғанын ғана көрген.

Бұған дейін құтқарушылар жоғалғандардың бас киімі мен күртешесін ғана тапқан еді. Су астының лай  болуы іздеуге біраз қиындық келтірген. Ал, бақилық болған мектеп директоры бір үйдің жалғыз ұлы екен. Екі жыл бұрын ғана үйленген, бала сүйіп үлгермеген.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу