Елімізде суға кетіп, қайтыс болу дерегі жиіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде суға кетіп, қайтыс болу дерегі жиіледі

24.06.2022

Соңғы тәулікте еліміздің әр аймағында суға кетіп, қайтыс болу деректері жиіледі. Оған күннің күрт ысуы себеп.

Мәселен, Павлодар облысының Торайғыр ауылында 1978 жылы туған ер адам өзенге батып, қаза тапты. Куәгерлердің айтуынша, ол суға тұншығып жатқан 9 жастағы қызы мен 14 жастағы ұлын құтқармақшы болған. Балалардың әкесінің қасында 36 жастағы тағы бір ер адам жүрген. Өкінішке орай, ол да суға кетіп көз жұмды. Ал екі бала Баянауылдағы ауруханаға жеткізілді. Жағдайлары жақсы. 

Қарағанды облысында да екі жасөспірімнің ажалы судан болды. Екі жағдай да Теміртау қаласында тіркелді. Бірі Самарқан суқоймасына батып кеткен. Ал екіншісі Нұра өзенінің арнасына шомылып жүрген жерінде суға тұншығып, жан тапсырды. Бозбалалардың екеуі де 16 жаста болған.

Ал шығысқазақстандық құтқарушылар Шалқар көліне шомылып жүріп, жоғалып кеткен баланың денесін әлі іздестіріп жатыр. Оны су бетінде үрмелі төсеніште жатқан жерінен жел алып кеткен еді. Еске салсақ, оқиға 22-інші маусым күні болған. Атасы баланы құтқаруға ұмтылғанымен, әрекеті нәтиже бермеген.


Хабарламаларға жазылу