Балқаш қаласы маңындағы Техснаб елді мекенінде 2 жасар бала ізім-ғайым жоғалып кетті. Кеше күндізгі сағат 12-лер шамасында аулада ойнап жүрген кішкентай Бекнұрдың қақпа есігін өздігімен ашып далаға шыққанын ересектер білмей қалған.
Құтқарушылар мен полиция қызметкерлері, 50 шақты еріктілер тобы және Қарағандыдан жеткен кинологтар елді мекеннің ой-шұңқырын, құдықтарды, үй ауласынан 250 метр жердегі Балқаш көліне ағып жатқан каналды түгел қарап шықты. Сүңгуірлер көл басында іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Балақай табылған жоқ. Қазір Ішкі істер органымен бірлескен штаб құрылды.
Жанна Дәуренбекова, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы:
- Үй жанындағы аймақ толығымен қаралды. Сол жерде орналасқан құрылыстар, шұңқырлар, Балқаш көліне құятын арна да қаралды. Бала қай бағытта кеткені белгісіз. Сондықтан, суда ғана емес, барлық жерде іздеу жұмыстары жүргізілуде.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.