Елімізде әлі күнге дейін заң жобалау жұмысын жоспарлау деңгейі төмен – Қ.Тоқаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде әлі күнге дейін заң жобалау жұмысын жоспарлау деңгейі төмен – Қ.Тоқаев

21.09.2018

Азаматтардың әл-ауқаты мемлекеттің заң шығару жүйесінің сапасына тікелей байланысты. Сондықтан, бұл процеске атүсті қарамау керек. Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет сағатында осылай деді. Айтуынша, елімізде әлі күнге дейін заң жобалау жұмысын жоспарлау деңгейі төмен. Парламент қабылдаған заң жобалары қайта қаралып, оған жиі өзгерістер енгізіледі екен. Сондай-ақ, төраға құқық қорғау мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін ескертті.

Елімізде әлі күнге дейін заң жобалау жұмысын жоспарлау деңгейі төмен. Мұндай жүйесіздік қоғамдағы әбден пісіп-жетілген түйткілдердің тым кеш шешілуіне себеп. Осылай деген төраға заң шығарушы тұлғалардың заң жобаларын әзірлеу және оларға бастамашылық жасау тәртібін реттеу қажеттігін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Бүгінгі жиынның тақырыбы аса өзекті. Заң шығару процесі, шын мәнінде одан әрі жетілдіруді талап етеді. Бұл жерде кәсіби тұрғыдан ашық талқылайтын мәселелер аз емес. Түптеп келгенде, азаматтардың әл-ауқаты мемлекеттің заң шығару жүйесінің сапасына тікелей байланысты. Елімізде қабылданып жатқан заңдардың сапасы қандай, олардың мазмұны Қазақстан азаматтарына түсінікті ме? Біз осы мәселелерді егжей-тегжейлі қарастыруымыз қажет.

Ал Әділет министрі еліміздің заң шығару процесіне Ұлыбритания тәжірибесін енгізуді ұсынды. Марат Бекетаевтың айтуынша, заң жобасы Парламентке енгізілгенге дейін алдын ала Жасыл кітап және Ақ кітап пайдаланылады. Жасыл кітап консультативтік сипаттағы құжат болса, Ақ кітапта Үкіметтің нақты бір саладағы ұстанымы жазылады.

Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:

- Біздің заң шығару процесімізге осы тәжірибені енгізудің орындылығы тұрғысынан оны тереңірек зерделеуді ұсынып отырмыз. Егер біз ең үздік әлемдік практиканы тиімді енгізгіміз келсе, жаңа тәжірибені жылдам зерделеуге мүмкіндігіміз болуы қажет. Негізгі трендтер мен табысты тәжірибені зерделеу заң жобалау қызметінің маңызды элементі болып табылады.

Үкімет сағатынан тағы бір ұққанымыз, көп шикілік заң жобаларының ретсіз, әдетте, күнтізбелік жылдың соңғы айларында немесе сессия аяқталатын кезде ұсынылуынан болады екен. Мұндай тәжірибе заң жобаларымен жүргізілетін жұмыстың сапасын төмендетіп, жұмыс барысына теріс әсер етеді. Сондықтан, ең бірінші кезекте асығыстықтың алдын алу керек.

Досымжан ЕРМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу