Заң жобасы: Ақпараттық жүйе бір кеңістікке жинақталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Заң жобасы: Ақпараттық жүйе бір кеңістікке жинақталады

01.12.2022

Бұдан былай бытыраңқы кадастр мен ақпараттық жүйелер бір кеңістікке жинақталып, жаңа координаттар жүйесі орнатылады. Қазіргі жүйе тым ескірген, дәлдігі төмен дейді мамандар. Сенатта «Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы» заң жобасы қаралды. Құжатқа сай енді елде жаңадан пайда болған нысандар мемлекеттік қызмет рәсімдерінен өту кезінде картада пайда болып, уақыт өткен сайын жаңарып отырады. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған министр Бағдат Мусин геодезия мен картография саласының жағдайы мемлекеттегі кадастр мен жер-мүлік қатынастарының сапасына тікелей әсер ететінін айтты. Мысалы азаматтар тұратын не жұмыс істейтін ғимаратты жобалау кезінде қателік кетпеу үшін, ұшақтың ұшып-қонуы кезінде кедергіні анықтау үшін геодезиялық өлшемнің дәлдігі керек. Ал бұл заң бұған дейін 2002 жылы қабылданған. 20 жыл ішінде салаға енгізілген өзгеріс көп.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Жаңа нормалар кеңістіктік деректер, геодезия және картография саласындағы қызметтің жетілдірілген тетіктерін енгізеді. Алдағы уақытта толық және анық кеңістіктік деректер мен геодезия және картография жүйелері ақпаратты жедел өңдеуге, экономика салаларында және мемлекеттік басқаруда ұтымды шешімдер қабылдауға оң әсерін тигізеді деп сенеміз.

Ақерке Бектас

Хабарламаларға жазылу