Бурабай баурайында «Бурабайк» дәстүрлі велошеруі ұйымдастырылды
Осымен 6-шы рет өтіп отырған шараға қатысушылардың саны биыл рекордтық көрсеткішке жетті: 2300-ден астам. Болат Өтемұратов қоры мен «Риксос Бурабай» ұйымдастырған қайырымдылық акциясына біздің түсірілім тобы да қатысып келді.
Велосипедке мініп, қатарға тұрғандардың арасында кәсіби спортшылар мен қарапайым қайырымды жандар, оқушылар мен алпысты алқымдаған қарттар да болды. 30 шақырымды жүріп өткен олардың арасында жеңген-жеңілгені жоқ. Себебі, қатысу үшін төлеген жарналары қайырымдылыққа жұмсалады.
Александр Винокуров, Олимпиада чемпионы:
- «Бурабайк» 6-шы рет өтіп жатыр. Мен барлығына қатыстым. Ең алғашында 30-40 адам болып бастағанбыз. Көріп отырсыздар, биыл 2 мыңнан астам адам жиналды. Бұл өте жақсы.
Владимир Джиджора, Қазақстандағы Украинаның Төтенше және өкілетті елшісінің орынбасары:
- Бұл қайырымдылық үшін қаржы жинайтын шара. Сондықтан, мен үшін қатысудың өзі бір бақыт болды. Өзгеге көмектесе отырып, өзіңді шынықтыру керемет сезім.
Велошеруден кейін түрлі лоттар қойылған аукцион өтті. «Astana PRO Team» командасының велосипеді, әлемнің үздік тенисшісі Рафаэль Надальдің ракеткасы, футболь королі Пеленің қолтаңбасы бар форма және тағы басқалары ондаған миллион теңгеге бағаланып, меценаттардың жеке коллекциясына өтті.
Марат Айтмағамбетов, Болат Өтемұратов қорының директоры:
- Біз жиылған қаржыға балалар ауруханаларына құрылғылар аламыз. Жыл сайын осылай. Бұған дейін облыстық ауруханаларға көмектесетінбіз. Ал, биыл аудандық медицина мекемелеріне жәрдем бермекшіміз. Әзірге 5 аурухананы таңдап отырмыз. Былтыр «Бурабайкта» 168 миллион теңге жиналған. Осы жолы одан да көп болады деп ойлаймын.
Айтқанындай-ақ болды. Қатысушылардың жарнасы, аукцион, жермеңке және қайырымды жандардың көмегін қосқанда жиылған қаржы 205 миллион теңгеден асты.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
