Астана мен Алматы қалаларында электр көліктерін қуаттау орталықтары орнатылуда
Қазақстанда электр көліктерін қуаттау проблемасы болмайды. Астана, Алматы қалалары мен «Астана-Бурабай» тасжолына арнайы станциялар орнатылып жатыр. «Енді тұрғындар айналаға зиянсыз әрі үнемді көліктерді еш кедергісіз сатып ала алады», -дейді мамандар.
Елордада орнатылуға тиіс 50 станцияның қазір 47-сі дайын. Әзірге тестілеуден өтіп жатыр. Түрлі ауа райына, үздіксіз жұмыс істеу режиміне төтеп беретіндігі дәлелденсе, барлығы іске қосылмақ. Олар халық көп жиналатын қоғамдық орындарға қойылуда. Біз де электрокөлікпен барып, қуаттап көрдік.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
- 1,5 сағаттан кейін бұл көлік толық қуатталып болды. Осы қуатымен ол қаланың ішінде 150 шақырымға дейін жүріп өте алады. Ал, бұдан да қуатты көліктер осындай қуатымен 300-350 шақырымға дейін жүріп өте алады.
Бұл станциялардың екі түрі бар. Олардың айырмашылығы қуаттау уақытында. Бірі көлікті 3-4 сағат, бірі 15 минутта қуаттай алады.
Руслан Дүйсенов, «ЭҚС операторы» ЖШС бас директоры:
- Бұл бізге үйреншікті жанармай құю бекеттері сияқты. Тоқтап, көлікті қуаттап алған соң сапарыңды жалғастыра бересің. Дегенмен, қалааралық жолдарға қойылатын станциялар өзгеше. Олар қуатты 15 минуттың ішінде қалпына келтіре алады.
Бұл екі түрлі станцияда электр қуатының киловаты да түрлі бағада сатылмақ. Дегенмен, баға әлі нақты белгіленген жоқ.
Дәурен Құрманғалиев, «АстанаЭнергоСбыт» ЖШС директорының міндетін атқарушы:
- Тарифтер бойынша біз әлі нақты шешім шығарған жоқпыз. Барлық жағынан есептеп жатырмыз. Жоспарланған станциялар толық орнатылған кезде бағасын қоямыз. Электрокөлікпен жүру басқасына қарағанда арзанырақ болады.
Бүгін «АстанаЭнергоСервис», электроқуаттау станциялары және «АстанаЭнергоСбыт» компаниялары электр көліктеріне жасалатын жағдайды жақсарту тұрғысында үшжақты келісімге қол қойылды.
Михаил Косачев, «АстанаЭнергоСервис» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
- Тұрғындардан бір нәрсені талап ету үшін алдымен оларға жағдай жасау керек. Дегенмен, біз талап еткелі отырған жоқпыз. Халық болашақта бұл көліктердің пайдасын түсінеді. Жаппай сатып алулар да болуы мүмкін. Сол үшін біз қаланы алдын ала дайындап жатырмыз.
Тұрғындар тарапынан электрокөліктерге деген сұраныс артатын болса, мұндай станциялар өзге де қалаларға орнатылады.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
