Биыл көмір тапшылығы бола ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл көмір тапшылығы бола ма?

14.08.2018

Былтыр қыс ерте түсіп, көмірсіз халық қиналып қалған болатын. Ал, енді биылғы жағдай қалай? Ел ертеден қамданып отыр ма, әлде әлі де қаперсіз бе? Бүгін Үкіметте осы қара отынға қатысты арнайы жиын өтіп, жағдайды бақылауда ұстайтын арнайы штаб құрылды. Жылдағыдай халық жыларман күйге түспес үшін Үкімет басшысы тиісті министрліктерге қатаң тапсырма берді. Көмірдің бағасы тоннасына 16 мыңнан аспауын тапсырды.

Нысаналы Ығыл, тілші:

- Астанаға көмір тамыздың басынан жеткізіле бастаған. Мұнда қазір 5 вагон – 350 тонна. Мына арнайы техникадан бөлек басқа тасымалдаушы көліктер жоқ. Осыған қарап-ақ алаңда қарбаластың жоқтығын білуге болады. Халық соған қарағанда қыстың қамына әлі кірісе қоймаған сыңайлы.

Руслан Шаяхметов, көмір тиеуші:

-Он төрт мыңнан тоннасы.  Тамыздың 3-нен бастап келіп жатыр.

-Үшінен бері шамамен қанша тонна түсірдіңіз?

 -Ал онысын білмеймін, оны есептеген жоқпын.

-Әр келгенде неше?

-3,4,5 вагоннан, солай келіп жатыр.

Осы кезде шаңдатып бір көлік көрінді. Тоқтаттық, сөзге тарттық. Қазыбек тапсырыспен жұмыс істейді екен. Яғни, қоймадан көмір толтырып алып, сұраныс берген адамға жеткізеді.

Қазыбек Сәдуақасов, көмір тасушы:  

-Қайда бұл? Жеке тұрғын үй ме немесе басқа жерге ме?

-Жоқ, меншікті кісілерге.

-Бүгіндікке неше тасымал жасадыңыз?

-Бірінші рет, вагон жаңа ғана болды ғой, бірінші рейс.

Үкімет көмірге биыл ерте көңіл бөлді. Күз-қыс айларына дайындықты пысықтап, тиісті министрліктерге тапсырма жүктеді. Жалпы, соңғы 7 айда 60 млн. тонна көмір өндірілген. «Өткен жылдан көрсеткіш жоғары»,-дейді. Қатты отынның 32,5 млн-ы электр энергиясы станцияларына тисе, экспортқа 15 млн. тоннасы кетеді. Ал, коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен тұрғындарға 5 жарым млн-ы ғана бөлінді. Енді соны талан-таражға салмай, құнын қолдан қымбаттатпай қалыпта ұстау үшін штаб құрылды.

Роман Скляр, ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары:

- Инвестициялар және даму министрлігі апта сайын көмірдің өндірілуі мен жөнелтілуін жіті назарда ұстап отырады. Сосын коммуналдық-тұрмыстық сектор мен тұрғындарға дұрыс жеткізілуіне де мән береді. Министрліктің міндеті мұнымен бітпейді. «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесе аталған жерлерге тапсырысқа сай жетіп тұр ма, соны да күнара бақылайтын болады.

Қадағалау орталықтан ғана болмайды. Жергілікті атқарушы органдар да әр аудандағы жағдайды назарда ұстауы тиіс. Сондай-ақ, көмірдің қоры туралы үздіксіз мәлімет ұсынып, жарты ай сайын тапшылық болмауын пысықтап отырады. Ал, енді халық былтырғыдай көмір таппай тентірей ме, әлде қорасын отынға толтырып, жаны жай таба ма, оны енді қылышын сүйретіп қыс келгенде көреміз. 

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу