Көмір тапшылығы болмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көмір тапшылығы болмайды

30.05.2018

Қарағанды облысында халыққа жеткізілетін көмір көлемі биыл 1 миллион тоннаға ұлғайтылмақ. Бұл өткен жылғыдан 25 пайызға артық. Негізінен Шұбаркөл көміріне сұраныс көп. Кәсіпорын биыл өндіріс қарқынын 16 пайызға еселеп, 3,7 миллион тонна көмір шығаруды жоспарлап отыр. Сондықтан, жылу маусымында жылдағыдай ұзын-сонар кезек, бағаның шарықтауы сынды  кедергілер болмауы тиіс. Маңызды мәселені облыс басшылығы көмір өндірушілермен және «Қазақстан темір жолы» компаниясының өкілдерімен талқылады. Дәл қазіргі уақытта өңірге қарасты қалалар мен аудандарға отын жеткізу мақсатында бірыңғай кесте әзірленуде. Сондай-ақ, тексеріс барысында көмірді заңсыз саудалаған 47 нысан мен алып-сатарлықпен айналысқан 11 автокөлік тұрағы анықталды. 

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

- Өңірдегі барлық әкімдерге әлеуметтік маңызды нысандарға көмірді уақытында жеткізуді тапсырамын. Халыққа да көмір жеткілікті болуы керек. Кәсіпорындарға біздің тараптан қажетті көмек беріледі. Шілде айының аяғында осылай жиын өткізетін боламын. Соған дейін өз жұмыстарыңызды ретке келтіріңіздер. Монополияны реттеу комитеті көмір бағасының шарықтап кетпеуін назарда ұстасын.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу