Елордадағы көмір тапшылығы мәселесі шешіле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордадағы көмір тапшылығы мәселесі шешіле бастады

16.10.2017

Өткен тәулікте «Астана» станциясына 5 мың тоннадай көмір жеткізілді. Бүгін кешке тағы бірнеше вагон келеді деп жоспарланып отыр. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қалаға енді күн сайын 1,5 мың тоннадай қатты отын жеткізіледі. Бас қаладағы көмір тапшылығы халықтан сұраныс тым көп болғандықтан, туындады дейді олар.

Астаналықтардың көмірсіз өмір сүріп жүргендеріне 10 күндей болды. Отын қоймасының алдына таң атпастан келгенімен, үміт оты күнде сөнеді. Сондай жандардың бірі - Нұрсұлтан. Үш күннен бері қойма табалдырығын тоздырып, көмірге қол жеткізе алмай жүр. Сағаттап тұрған кезегі жеткенде қатты отын таусылады.

Нұрсұлтан Әбдірайымов, Астана қаласының тұрғыны:

- Бүгін тағы азанмен келгенбіз, бірақ, «көмір бітті» деп жатыр қайтадан. Сол енді не істейміз, білмейміз.

Әкімшілік бұл жағдайдың орын алуына халықтан сұраныстың тым көп болуы себеп дейді. Дегенмен, олар бұл мәселені шеше бастады. «Қазақстан темір жолымен» келісім жасасып, соңғы екі-үш күнде елордаға 150 вагон көмір әкелді.

Азамат Рашитов, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы:

- Басқа аймақтардан келген соң дайындалған көлем жетпей қалды. Сол себептен, бізде осындай жағдай туындап қалды. Басқа аймақтан деп адамдарды бөлмей, жағдайды ескере отырып, екі есе ұлғайттық, келісім жасадық.

Жергілікті билік «көмірдің бағасы да тұрақты болады» дейді. Соңғы мәлімет бойынша, халық көп тұтынатын «Шұбаркөл» қатты отынының тоннасы - 11 500 теңгеден сатылады. Ал «Қаражыра» 14 мың теңгеден. «Майкүбі» - 10 500, «Богатырь» көмірін 7500 теңгеге сатып ала аласыз.

Алайда, тұрғындар «Астанада бұл бағаға көмір алу мүмкін емес» дейді. Өйткені, арадағы делдалдар қатты отынды тонналап сатып алып, еселеп саудалайтын көрінеді. Әкімшілік өкілдері жергілікті полицейлермен бірігіп, алып-сатарлардың жолын кесумен әлек.

 

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу