Көне ескерткіштер зерттелуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көне ескерткіштер зерттелуде

30.07.2018

Екі жарым мың жылдық тарихы бар қорымда зерттеу жұмыстары басталды. Яғни, тарих парақтары тағы да тың деректермен толығуы мүмкін. Астананың іргесіндегі «Патша» қорымындағы ең ескі зират сақ дәуіріне, кейінгілері біздің заманымыздың 15-16 ғасырларына тиесілі екен.

Ғалымдар қорымдағы 7 зиратты ашып, зерттеп жатыр. Әрбіреуі әртүрлі уақытқа сай жерленген екен. Кейбіреуінен құнды жәдігерлер де табылды. Ал, ең ескісі әрі үлкені енді ғана қолға алынды.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- Қорымның бет жағы үлкен табиғи тастармен жабылған. Ал, қазіргі уақытқа дейін қазылған жердің биіктігі менің бойымнан асады. Дәл осы қорымда бұған дейін қазылған 7 зираттан көптеген әшекей бұйымдар табылған. «Олардың әрбіреуі әртүрлі ғасырға тиесілі заттар» деп отыр мамандар. Ал, дәл осы жерде үлкен 2 зират болуы мүмкін. Олардың жасы шамамен 2,5 мың жыл. Яғни, сақ дәуірінде өмір сүрген адамдардың зираты болуы әбден мүмкін дейді. Ғалымдар оны топырақтың түсінің өзгеруіне байланысты анықтап болжап отыр. Дегенмен, зерттеу жұмыстарын жүргізуге бұл қорымның бұған дейін тоналуы үлкен бөгет болуда. Себебі, қорымның дәл орта тұсында біршама ойыңқы жер бар. Яғни, ұрылар бұған дейін қазған болуы мүмкін.

Алдағы 1-2 күнде зираттың беткі бөлігі зерттеліп болып, қазба жұмыстары жалғасады. Сол кезде сақ дәуіріне байланысты тағы да тың деректер ашылуы мүмкін. Зираттардың бір ерекшелігі, адамдар мұсылман салтына сай жерленген. Басы батысқа қарайды. Басым бөлігінде мәйітпен бірге көмілген қосымша бұйымдар табылмады.

«Патша» қорғаны 2010 жылдан бері жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілген. Бұған дейін қазба жұмыстары жүргізілмеген аумаққа «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қаржы бөлініп, ғалымдар зерттеуге кіріскен.

Бұл «Киелі Қазақстан» жобасы аясында Астанада биыл зерттеу жүргізу жоспарланған 4 археологиялық ескерткіштің алғашқысы. Яғни, жыл соңына дейін тағы 3 аумақта қазба жұмыстары жүргізілмек. 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу