«Туркодсыз шетелге шықпаңыз!». Мамандар осылай деп дабыл қағуда. Әйтпесе, демаламын деп барып, далада қалуыңыз мүмкін. Елден жыраққа шықсаңыз, туроператордан арнайы шифр алуға міндеттісіз. Өйткені, шетелдегі демалысының шырқы бұзылған отандастарымыз көбейіп кетті. Тек соңғы 8 жылда 12 мыңнан астам турист тынығамыз деп барып, тентіреп кеткен. Мұндай жағдай болмас үшін не істеу керек?
Соңғы 8 жылда шетелге шығып, зардап шеккен адамдардың шығын көлемі миллиондаған доллардан асқан. Оқыс жағдайға тап болған туристерді қамқорлыққа алу үшін екі жыл бұрын «Туристік Қамқор» қоры құрылды. 2013 жыл. «Куалитум тур» компаниясының жауапсыздығынан 6 мыңнан аса турист, соның ішінде 426 қазақстандық Грекияда қалып қойды.
2014 жыл. «Гулнар тур» туроператорының алаяқтығынан 4500 жерлесіміз елге қайта алмай, тәуліктеп Түркия әуежайын паналады. 2015 жыл. «Трэвел систем» турфирмасы 8 мың қазақстандықты сан соқтырды.
Асылхан Есілов, «Туристік қамқор» корпоративтік қорының директоры:
- Тек қана заң бойынша жұмыс істейтін туроператорлар қазақстандық туристерге міндетті түрде туркод береді. Егер шетелде бір келеңсіз жағдай болса, үйге аман оралмай жатса, туристер бізге хабарлама береді. Біз оларды міндетті түрде 24 сағат ішінде қайтарамыз.
Яғни, сіз шетелде демаламын десеңіз, туроператордан туркод талап етуіңіз керек. Елімізде 500-ге жуық туроператор тіркелген. Солардың 200-і ішкі туризммен айналысады. 150-і - туристік агент. Бүгінде тек 59 туроператор «Туристік Қамқор» жүйесіне енген. Қорға кіру үшін туроператорлардың 12 млн-нан 36 млн. теңге аралығында кепілдендірілген ақшасы болуы керек. Олар әр турист үшін арнайы шотқа 0,5 АЕК, яғни, 1100 теңге төлеуі тиіс. Бұл туристер қауіпсіздігі үшін қажет.
Айгүл Сәтжанова, туристік агенттік басшысы:
- Қор құрылғалы бері біздің туристік салада ешбір оператор жабылып көрген жоқ. Ол үлкен дәреже деп ойлаймын. Жалған туроператорлар жойылды.
Алайда, қорға кірмей, жүйеге енбей отырған туроператорлар да көп. Олардың қызметі заңсыз болып саналады. Егер қорға қосылмай, көлеңкелі бизнесін жалғастыра беретін болса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Лицензиясынан айырылады.
Ал, егер демаламын деп, дертке душар болса ше? Жыл басында Мысырдың Шарм-эль-Шейх шипажайына тынығуға барған қазақстандық азамат ауру жамап алды. Бастапқыда Василенконы медуза шағып алды деген жорамал болды. Кейін оның тілме инфекциясын жұқтырғаны белгілі болады. Ал, мамырда бір топ отандасымыз Біріккен Араб Әмірліктеріндегі қонақүйде жаппай астан ұшынды. Демалысының шырқы бұзылған отбасылар елге оралған соң да қалалық ауруханада төсекке таңылды.
Асылбек Мұхамбеткереев, қала тұрғыны:
- Қазіргі сәтте турагент бас тартып отыр. Біздің қателігіміз емес дейді. Осының барлығын «Қамқор» қолына алса, жақсы болар еді.
Асылхан Есілов, «Туристік қамқор» корпоративтік қорының директоры:
- Келесі әр қадамымыз осылай болады. Туристердің қауіпсіздігін, әрбір мәселелерін жабу керек.
Қауіпсіздік демекші, жыл сайын туристер үшін қауіпті елдер тізімі жасалады. Табиғаты тұмса болса да, Гаити, Сомали, Филиппин, Венесуэлла, Нигерия, Колумбия жерлері қақтығыс, қылмыс жиі болатындығымен қатерлі. Ал, кей аумақтар инфекция ошағы болуы мүмкін.
Жандарбек Бекшин, ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері:
- Тайландқа жиі барамыз. Ол жақтан Денге вирусын алып келген азаматтар болды. Ол ауру Тайландта ғана емес, Үндістан, Вьетнам сияқты тропикалық елдерде де жиі кездеседі. Вирус масамен таралады. Тропикалық елдерден тырысқақ, безгек дертінің жұғу қаупі бар. Ал, Оңтүстік Америкада Зика вирусы, АҚШ-та А гепатитінен қайтыс болған адамдар бар.
Сондықтан, жазғы демалысты мұқият жоспарлаған абзал. Ең бастысы, шетелге шығарда сақтық шарасын естен шығармау керек.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.