Түркістан облысында 25 адамды қарақұрт шағып, ауруханаға түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 25 адамды қарақұрт шағып, ауруханаға түсті

11.07.2018

Түркістан облысында жаздың шіліңгір аптабы басталғалы қарақұрт  шағып алған азаматтардың қатары көбейіп кетті. Бір жарым айдың ішінде ауруханаға улы жәндіктен жапа шеккен  25 адам жатқызылған. Оның төртеуі -  бала.

Бағдат осыдан бес күн бұрын жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға әрең келді.  Кешқұрым жұмыстан оралған жігіт есік алдына төселген киіз үстінде отырып тамақ ішкен. Айтуынша, алғашында жауырынының асты шым етіп  ауырғандай болған.  Артынша өздігінен жүріп-тұра алмайтын халге жетеді.  

Бағдат Үсенбаев, науқас:

Ара шаққандай болады екен. Бір сағаттай тызылдап тұрды. Сонан соң өкпені қыса бастады. Құстым. Таңертең әлсіреп жүре алмай қалдым.

Бұрындары ауылды жерден көбіне улы өрмекші шаққан тұрғындар ауруханаға жиі түсетін. Ал, биыл қарақұрттан жапа шеккендердің дені - қалалықтар. Шымкент қаласында тұратын Мұхтар қарақұрт шаққанын таңертең ұйқыдан тұрғанда бірақ білген. Далада болатын улы жәндіктің үйге қалай кіріп кеткенін түсінбей дал. 

Мұхтар Айтбаев, науқас:

- Жүре алмай қалдым. Көз, қабақтар ісіп кетті. Қазір жағдайым жақсы. Дәрігерлерге рахмет.

Қазір токсикология бөлімінде он адам әлі де ем  қабылдап жатыр. Өзгелері дертінен айығып, үйлеріне қайтты. Науқастар санының күрт өсуіне байланысты облыстағы ауруханалар қарақұрттың уына қарсы егілетін арнайы сары сумен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етіліп отыр.

Асылхан Мыңбосынов, Жоғары қысымды оксигенация орталығы токсикология бөлімінің меңгерушісі:

- Қазір реанимация бөлімінде таңғы сағат 5-те түскен кішкентай 6 жасар қыз бала бар. Жағдайының ауырлығына байланысты реанимация бөлімінде ем қабылдап жатыр. Жүкті әйелдер болған жоқ. 

Қарақұрт шағып, ауруханаға түскендер саны былтырғыға қарағанда аз. Оның бір себебі, өңірде биыл жаз кеш шықты. Алайда, шілденің аптап ыстығы енді күш алып келе жатқанын ескерсек, улы жәндік жұртшылықты әлі біраз әбігерге салатын түрі бар.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу