Ертең Астана ғаламдық мәселелелерді қаузайтын алаңға айналады. 12-ші мәрте өткелі отырғанмедиа форумға әлемнің 62 мемлекетінен 700-ден астам делегат қатысады деп жоспарланған. Олардың арасында қандай танымал тұлғалар бар және медиа форум бұл жолы қандай тақырыптарды қозғайды?
Әлем назары тағы да - Қазақстанда. Еуразиялық медиафорумға қатысушылар бүгін Астанаға келді. Осымен 12-ші мәрте өткелі отырған басқосуға қатысуға бұрын-соңды мұндай өтініш түспеген.
700 делегаттың ішінде саясаткерлер мен салмақты сарапшылар, танымал журналистер бар.
Стефен Сомервиль - медиа форумды ұйымдастыруға қолғабыс етіп жүрген британдық кеңесші. Алқалы жиын өткен алғашқы жылдарды еске алған шетелдік маман форумның көкжиегі кеңейіп, маңызы артты деп есептейді.
Стефен Сомервиль, «Reuters Society» компаниясының өкілі:
Медиа форумға қатысуға қызығушылық білдіретін мемлекеттердің қатары артып келеді. Әу баста шағын ғана жиын еді. Тиісінше, Қазақстанның да беделі артты, халықаралық аренада маңызды ойыншылардың біріне айналды. Бүгінде Қазақ елінің басқан қадамы нық.
Осы жолы форумға қатысатын делегаттар арасында АҚШ Конгресі өкілдігі палатасының экс-спикері Ньют Гингрич, Үндістанның қоғам қайраткері Раджив Сикри, британиялық журналист Харви Моррис және ресейлік журналист Владимир Познер сынды танымал тұлғалар бар.
Нұргүл Сағитқызы, тілші:
Қазір медиа форумға соңғы дайындық жұмыстары пысықталуда. Ертең пікір алаңында Украина мен Сириядағы ахуал, Таяу Шығыстағы шиеленіскен мәселелер тақырыпқа өзек болмақ. Ертеңгі форумдағы Қазақстанның ұстанымы айқын. Еліміз қандайда болсын даулы мәселені бейбіт жолмен шеуге ықпал етуді көздейді.
Медиа форум 2012 жылдан бері Астана қаласында өтіп келеді. Тұшымды пікірлер мен өткір ойлар бүкпесіз айтылатын жиын Еуразия құрлығындағы елдердің тұтастығын сақтауға, мемлекеттер арасындағы өзара сенім мен түсіністікті нығайтуға өлшеусіз үлес қосты деуге толық негіз бар.
Бұған дейінгі жиындарда әлемдік ақпарат құралдарының нысанасынан түспеген Орталық Азияның қауіпсіздігі, Ауғанстаннан АҚШ әскерлерінің шығарылуы, Араб көктемі, Еуразиялық экономикалық одақ пен «жасыл» экономика сынды ғаламдық тақырыптар талқыланып келді.
Саваш Генч, «Todays zaman» газетінің шолушысы, Фатих университеті халықаралық қатынастар факультетінің профессоры:
Осы жолғы форумда қозғалатын келелі мәселелерге қатысты тұшымды пікір білдіре алатын саясаткерлердің, әлемдегі №1 журналистер мен кәсіби сарапшылардың жиналатыны мені қуантады. Біз тек ойымызды білдіру үшін емес, көп нәрсені үйрену үшін келдік. Мен докторлық диссертациямды Орталық Азиядағы жағдайға байланысты жазғанмын. Қырғыз елінде, Кавказда болдым. Бірақ, Қазақстанға келу мен үшін арман болатын.
Ертең форумның алғашқы күні әлемдік дағдарыстар мен оның зардаптары және Иранның ядролық бағдарламасы тақырыптары талқыланса, Қырымдағы күйзеліс, Еуразиялық интеграция мәселелері жиынның екінші күні әңгімеге өзек болмақ.
Нұргүл САҒИТҚЫЗЫ