Президент Жарлығымен 1-шілде Ұлттық домбыра күні болып белгіленді

12.06.2018

Енді сан ғасырдың сипатын сыңғыр үнмен жеткізген ұлттық аспапты ұлықтау шарасы дәл осы уақытта дәстүрлі түрде мерекеленбек. Көшпелі өмірдің шежіресін шерткен көне аспап қазақтың қасиетті құралы ғана емес, талай кезеңдердің тарихи куәгері. Ал, сіз ең көне домбыраға қанша жыл болғанын және қайда сақталғанын білесіз бе?!

Табиғаттың сыбырын, тұлпардың дүбірін, тіпті  халықтың қилы тағдырын да айнытпай шанағынан төгілткен қасиетті аспаптың тарихы тереңде жатыр. Ғалымдар түрлі еңбектерге сүйене отырып, домбыра орта ғасырда пайда болған деседі. Киелі аспап жайлы аңыз көп, түркітілдес халықтары арасында талас та жоқ емес. Дегенмен, шығу тегі бір болғанмен, қос ішекті аспаптардың  айырмашылығы басым. Ең көне домбыраны түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы 5 жыл бұрын Моңғолия жерінен тапты. 

Жанғали Жүзбаев, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, күйші:

- Сарапшылардың зерттеуінше, бұдан 5000 жыл бұрын жасалған екен. Сонда 5000 жыл бұрын қазақ домбыра тартқан. Бұл біздің көне жәдігеріміз болып тұр.

Бүгінде көне аспаптың көмейінен төгілген 5000-нан астам күй бар. Осы дәстүрлі өнерді дәріптеген Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Сүгір, сондай-ақ, Тәттімбет пен Динадай атақты күйшілердің өнері тұнып тұрған бір мектеп. 

Дәулеткерей Құсайынов, ҚР Ұлттық музейінің ақпараттық-имидждық қызметінің басшысы:

- Қазір Динаның домбырасының жанында тұрмыз. Дина бұл домбырасын Болат Шамғалиұлы Сарыбаевқа тарту еткен. Бізге келіп тұрған тағы бір көне жәдігер Кенен Әзірбаевтің домбырасы.

1934 жылы композитор Ахмет Жұбанов 11 домбырашының басын қосып, тұңғыш рет күй ансамбльдік құрамда орындалды. Ал, 1943 жылы Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің құрылуы домбыраның мәртебесін одан әрі асқақтата түсті.

Секен Тұрысбеков, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, композитор, күйші:

- «Өнерін тыңдап, халқын таны» деген. Өз өнерімізді ұялмай көрсете алатындай қасиетіміз бар деп ойлаймын. Сондықтан, 1-шілдеге белгіленген Ұлттық домбыра күні құтты болсын.

«Ақсақ құлан» күйі бәріңізге таныс болар. Құланның жарақаты, баланың өлімі, ханның қасіреті, бәрі де бір күйдің ішінде жатыр. Мінекей, домбыраның құдіреттілігі сонша тіл жетпегенді күй жеткізген екен. Домбыра тек тарихтың ғана куәгері емес, тәрбиенің құралы, қазақ руханиятының мәйегі. Егер біз оны қазақтың бойтұмары дейтін болсақ, демек, әр қазақтың төрінде домбыра тұруы тиіс.

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу