Қазақстандықтар енді 1 шілде Ұлттық домбыра күнін атап өтетін болды

17.06.2018

Осы аптада Президент Жарлығымен 1-шілде «Ұлттық домбыра күні» болып белгіленді. Енді сан ғасырдың сырын күмбір үнмен жеткізген ұлттық аспапты ұлықтау шарасы дәл осы уақытта дәстүрлі түрде мерекеленбек. Көшпелі өмірдің шежіресін шерткен көне аспап - қазақтың қасиетті құралы ғана емес, талай кезеңдердің  тарихи куәгері. Алмағайып заман болды, қазақ ақтабан шұбырынды сияқты нәубеттермен бетпе-бет келді. Анасы баласынан, ағасы қарындасынан айырылған кезеңде де «Қаратаудың басынан көш келеді» деп мұң-шерін домбырамен шығарды. Қуанышы мен жұбанышында да, қайғысы мен мұңында да домбыра қазаққа серік болды. Тілді де, дінді де, ділді де жойып жіберуге шақ қалған 70 жылдық Кеңестің темір режимінде де домбыра үні өшкен жоқ. Оған дәлел кешегі Құрманғазы, Дина, Ахмет Жұбановтар мен Нұрғисалар. 

Жалпы, қандай да бір күнді ұлт мерекесіне айналдыру үрдісі әр мемлекетте бар. Мысалы, түркімендер ұлттық қауын күнін атап өтеді, Канада мен АҚШ-тың біраз қаласы кәдімгі суырдың іннен шыққан күнін мереке қылады, жапондықтар орхидея гүлінің ашылуын салтанатты мейрам ретінде тойлайды. Шотландтар отқа табынып, белгілі бір күндерін фестивальге арнайды. Мұндай мерекелердің халық үшін маңызы зор. Өйткені, ол ұлтты ұйыстырады, бірлігін бекемдейді.  Осыған дейін де ел ішінде «Күй тартыс», «Домбыра-party» сияқты флешмобтар өтті. Былтыр ғана «Qazaqstan» Ұлттық арнасы төл өнерді ұлықтаған «Men Qazaqpyn» жобасын қолға алды. Енді осындай іс-шаралардың ауқымы тағы бір жаңа мерекемен толықты.

Айнұр ОМАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу