Жас өрендер ас қалдығын тастаумен күресуге арналған мобильді қосымша ойлап тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жас өрендер ас қалдығын тастаумен күресуге арналған мобильді қосымша ойлап тапты

04.06.2018

Жас өрендер жаңа мобильді қосымша ойлап тапты. «YsyrApp» жобасы арқылы мейрамханадағы сатылмаған тамақты жарты құнына алуға болады. Сөйтіп, зерек қыздар ысырапшылықпен әрі қоқыс қалдығының ұлғаюымен күрескісі келеді.

«Ысырап» жобасымен 5 қыз айналысады. Ең кішісі – 9-да, ең үлкені – 13-те. Жобаға ас қалдығын тастаудың обал екенін ұқтыратын қазақы ұғым негіз болған. Әрі күл-қоқыстың құрлықты да, мұхитты да басып жатқаны – әлемдік проблема. Кейбір ел аста-төк асты далаға тастап жатқанда, екінші елде халықтың аштықтан қиналып отырғаны балаларды алаңдатыпты. Сөйтіп олар жаңа мобильді қосымша ойлап тапты.

Нұрбике Болат, «YsyrApp» жобасының негізін қалаушы:

- Мысалы, аспаз 10 тәрелке күріш жасады. Оның тек 5 тәрелкесін сатып, 5 тәрелкесі қалып қойды. Ол күннің соңында 5 тәрелкені қоқысқа лақтыратын еді. Бірақ, біздің бағдарламамызбен сол тәрелкенің біреуін болса да жарты бағасына сатып алуға болады.

Дильдана Абдуллаева, «YsyrApp» жобасының негізін қалаушы:

- Әлемде 100 пайыз дайын тағамның тек 70 пайызы тұтынылады. Қалған 30 пайызы, яғни, жылына 1,5 млрд тоннасы қоқысқа лақтырылады. Оның 15 пайызы – мейрамханалардан шығады.

Лейла Нұрбек, «YsyrApp» жобасының негізін қалаушы:

- Біз өз жобамыз арқылы әлемді өзгерткіміз келеді.

Зерек қыздардың ұраны – батыл. Жобада бірі маркетолог, екіншісі - көшбасшы, енді бірі дизайнер болса, төртіншісі - зерттеуші, бесіншісі – бағдарламашы. Қазақ, орыс, ағылшын, түрік, араб тілдерін жетік біледі. Мейрамханадағы сатылмаған тамақты жарты қақына алуға мүмкіндік беретін мобильді қосымша тамызда қосылады. Кәсіпкерлермен келісім бар.

Ибрагим Тәшім, «YsyrApp» жобасының инвесторы:

- Олардың мобильді қосымшасына әлемде балама жоқ. Кейбір елдерде осыған ұқсас қызметтер бар. Бірақ, әлемдік ойыншы жоқ. Қыздар қазақ философиясындағы «ысырап» ұғымын дамытқысы келеді. Осы түсінікті бір ел ауқымынан шығарып, ғаламға танытқысы бар.

Қыздар үш қаладан жиналған. Бірі Орал, екеуі Астана, ал, Дариға мен Рабиға Алматыда тұрады. Оларды ортақ идея топтастырған. Сабақ, үйірмелерден бөлек, осындай жобаға да уақыт табады. Карате, биатлон, жүзу спортымен, графикалық дизайн, қолөнермен де айналысып, сүйікті істерінен қол үзбейді.

Дариға Истаева, «YsyrApp» жобасының негізін қалаушы:

- Мен дәрігер болғым келеді. Медицинада қазір жаңа технологиямен жұмыс істеу керек. Сондықтан, ІТ-да керек, медицина да керек.

Рабиға Истаева, «YsyrApp» жобасының негізін қалаушы

- Біздің нышанымыз – бал арасы. Ол еңбекқорлық пен игіліктің белгісі. Осы қасиеттер біздің бойымызда да бар.

Стартаперлер тың жобасымен «Technovation Challenge 2018» байқауына қатысып, жартылай финалға өткен. Қорытынды сайыс тамызда АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында өтеді. Зерек қыздарға жеңіс тілейміз.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу