Мемлекеттік сатып алу саласы жаңа заңмен реттелмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік сатып алу саласы жаңа заңмен реттелмек

04.06.2018

Мемлекеттік сатып алу саласын электронды форматқа көшірудің салдарынан бірқатар проблемалар туындап отыр. Қаржы министрлігіндегі мамандардың айтуынша, бұрын сұраныс қай өңірден болса, ұсыныс та сол аймақтан болатын. Электронды жүйеге ауысқаннан кейін аталған тәртіптің күші жойылып, мемлекеттік сатып алуларға кез келген жерден қатысуға жол ашылды. Бұл тапсырыстың жету уақыты мен тауардың сапасына кері әсер етіп, конкурсқа жөн-жосықсыз қатысушылардың санын арттырып жіберген. Әзірге ондай заңды тұлғаларды автоматты түрде қара тізімге енгізуден нәтиже болмай тұр. Себебі, күн өтпей жатып, дәл сол тұлғалар туған-туысының не көршісінің атынан қатыса береді. Осы және басқа да кем-кетіктер қамтылған жаңа заң жобасының нормалары бүгін өткен ашық есік күнінде түсіндірілді.

Сәбит Ахметов, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алулар заңнамасы департаментінің директоры:

- Электронды шағымдану қызметі енгізілгеннен кейін шағым берушілердің де легі арта түскен. Олар көбіне негізсіз қабылдамау және заңсыз рұқсат беруге арызданады. Ал, шағым беру сатып алуларды тоқтатады. Сол себепті, кейде тауарлар діттеген жеріне уақытысында жетпей, дау туып жатады. Мұны түсінгеннен кейін барлығы шағым жаза бастады. Проблемаларды шешу үшін Қаржы министрлігі жеке заң жобасына бастамашылық жасады. Қазіргі уақытта бұл құжат Мәжілістің қарауында жатыр. Заң жобасы осы жылдың екінші жартысында қабылданады деп күтілуде.

 

Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу