«Нұр Отан» әлеуметтің әлеуетін арттыратын 20-дан астам жобаны жүзеге асыруда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр Отан» әлеуметтің әлеуетін арттыратын 20-дан астам жобаны жүзеге асыруда

23.05.2018

Жұмыс таппай жүрген азаматтар ІТ орталықтарды тегін бітіріп, жұмысқа орналаса алады. «Нұр Отан» партиясы әлеуметтің әлеуетін арттыратын 20-дан астам жобаны жүзеге асырып жатыр. Бүгін партия төрағасының бірінші орынбасары әлеуметтік нысандарға арнайы барды. Сондай-ақ, мектеп асханаларының жағдайын бақылады. Белгілі стандарт болғанымен, тамақтың бағасы да, сапасы да балалар мен ата-аналардың көңілінен шықпайды. «Енді бұл жұмыстарды ретке келтіретін кез келді»,- деді Мәулен Әшімбаев.

Бізге сұхбат беруден бас тартқан Мәди есімді жігіт бұл. Өйткені, оның маңызды жұмысы бар. Ол ІТ сыныпта арнайы ойын жасап жатыр. Оқушы тың технологияны меңгеруде. «Сондықтан да, әр минутымды тек осы іске жұмсаймын», - дейді.

Ал, Азамат Дүйсебаевтың жасы 12-де. Оқушы өз қолымен робот құрастырады.

Азамат Дүйсебаев, оқушы:

- Құрастыру өте жеңіл. Ең бастысы, бөлшек. Маған ең бірінші роботты 5 жасымда берген. Сол робот арқылы мен осы сабақты жақсы көрдім.

Балалардың инновациялық білім алуына барынша жағдай жасалуы тиіс. Қазір бұл салада маман некен саяқ. Робот техникаларының негіздерін үйретудің маңызы зор. Жаңа жоба арқылы бұйырса 150 мың бала бағдарламау мен робот техникасының қыр-сырын үйренеді. Ал, біздің жастар білімге құштар, олар роботтың түр түрін құрастырғысы келеді.

Билл Гейтс, Стив Возняк, Евгений Касперскийлер біздің ортамыздан да шығады. Тек қана оған қолдау қажет. Бұл орайда жетекші партия игі жобаны қолға алды.

Жалпы, №73 мектеп-лицейінде жас ғалымдар үшін барлық жағдай жасалған. Физика, химия, биология және STEM зертханалары жұмыс істейді. «Нұр Отан» партиясы да тегін ІТ сыныптарды ашуды қолға алды. Яғни, алдағы үш жылда елімізде тегін 1 мың ІТ сынып ашылады. Ауылдық жерлерде де балалар инновацияға бет бұрады. Ең бастысы, сыныптардың барлығы тегін.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Елбасының тапсырмасын іске асыру аясында елімізде мың ІТ сынып ашу жұмысын бастап жатырмыз. Сонымен қатар, 20 ІТ орталық ашып жатырмыз.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын сәтті жүзеге асыру үшін мықты маман қажет. Оны әрине, мектеп бастап тәрбиелеу қажет. Алдағы оқу жылынан бастап 84 мектепте ІТ сыныптар ашылады. Онда ең алдымен әлеуметтік аз қамтылған балалар білім алады.  Білімді, бәсекеге қабілетті жас тәрбиелеу үшін әрине, олардың денсаулығы мықты болуы шарт. Бүгінде мектептерде тамақтану мәселесі шешілмей келеді. Партия төрағасының бірінші орынбасары Астанадағы мектептердің біріне барып, асханасын көрді. Тамақтану орнын жалға  алып отырған кәсіпкерлерді пейілін пенделікке жеңгізбей, сапалы жұмыс істеуге шақырды. Өйткені, мектеп асханаларында қазір стандарт жоқ. Тендерді жеңіп алған, өзі би, өзі қожа.

Партиялық жоба аясында «Нұр Отан» осы олқылықтардың орнын толтырмақ. Кәсіпкерлер палатасы және бизнес қауымдастықпен бірлесіп, балалар тағамдарының комбинатын құрады. Сол арқылы тамақтану саласындағы барлық компания нақты талаптар бойынша жұмыс істеп, өз өнімдерін осы комбинатқа тапсырады. Ол жерде тамақтардың сапасы арнайы зертханаларда тексеріледі.

Партия қызметін жаңғырту жұмыстары қарқынды. 20-дан аса ірі, ілкімді жобаны қолға алды. Барлық түйткілдерді осы жобалар арқылы шешпек. Оған әрине, әкімдіктер, қоғам белсенділері, жауапты органдар түгел тартылады.

 

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу