Өткен жылы Түркістанға миллионнан астам адам саяхаттап келген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өткен жылы Түркістанға миллионнан астам адам саяхаттап келген

19.04.2018

Түбі бір түркі әлемінің астанасы саналатын қасиетті Түркістан шаһары бүгінде төрінен қонақ арылмайтын қасиетті мекенге айналды. Тарихи орынға былтыр 1 миллионнан астам адам саяхаттап барған. Олардың ішінде шетел азаматтары да бар. Аймақта туризмнің дамуына ең алдымен саяхатшыларға қызмет көрсету сапасының артқаны және қатынас жолының жақсарғаны негіз болып отыр.

Айтолсын Түркістанға Қостанайдан келді. Бойжеткен жоғары оқу орнында оқиды. Түркістан шаһары және Яссауи кесенесі жөнінде ертеректе кітаптан оқып білген екен. Демалысын пайдаланып, әдейін саяхаттап келіпті.

Айтолсын Биболат, студент:

- Бүгін мен Қ.А.Яссауи кесенесін тамашалауға келдім. Туристік ақпараттық агентік арқылы кесенеден өзге киелі жерлер бар екенін білдім. Яғни, Сауран, Отырар деген секілді. Сол жерлерге барып қайтсам деген ниеттемін.

Туристік ақпарттық орталық Айтолсын секілді Түркістанға саяхаттап келгендерге өңір туралы жан-жақты мағлұмат береді. Әсіресе, шетелдік туристер осы орталықтағы веб-портал арқылы аймақта нендей саяхат орны бар, оған қалай жетуге болатынын алдын ала біліп бағамдай алады. Оларға ағылшын, француз, неміс, және түрік тілдерін жетік білетін мамандар қызмет көрсетеді. Былтыр орталық қызметіне 35 мың шетелдік жүгінген. 

Ақмарал Кеңесбай, Туристік ақпараттық орталығының менеджер-консультанты:

- Көбінесе бізге туристер Германия, Франция және АҚШ-тан келеді. Осы үш елдің туристері біздің ұлттық тағамдарымызға қызығып, қай жерден алсақ, қай жерден тамақтансақ деп сұрап жатады. 

Түркістанда туризмді дамытудың тұжырымдамасына сай енді кесене маңындағы 150-ге тарта  тұрғын үй өзге жаққа көшірілмек. Одан босаған 12 гектар аумаққа түркітілдес мемлекеттер өз қаржыларына мәдени орталықтарын салады. 

Тәжібек Мұсаев, Түркістан қаласының әкімі:

- Мавзолейді елестетіңіз. Әр жағында қанша түркітектес халықтар бар. Солардың әрқайсысының орталықтары, оларға қажетті жатын орын, кітапханасы, қолөнер шеберлерінің кварталы болса, Түркістанға тартылған үлкен инвестиция болар еді.

Сондай-ақ, тарихи орынның төңірегінде 42 гектар жерге этносаябақ салу жоспарланып жатыр. Оның аумағында ортағысырлық кейіптегі шеберхана, шығыс моншасы болады. Туристер ескі қалашықтың орнына бағзы замандағы соқпақтармен жаяу жүріп тамашалай алады.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу