Түркістанға 1 миллионнан астам турист барған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанға 1 миллионнан астам турист барған

18.04.2018

Түбі бір түркі елінің астанасы саналатын қасиетті Түркістан шаһары бүгінде төрінен қонақ арылмайтын қасиетті мекенге айналды. Тарихи орынға  былтыр 1 миллионнан астам адам саяхаттап келген. Олардың ішінде шетел азаматтары да бар. Аймақта туризмнің дамуына ең әуелі саяхатшыларға қызмет көрсету сапасының артқаны және қатынас жолының жақсарғаны негіз болып отыр.

Айтолсын Түркістанға Қостанайдан келді. Бойжеткен жоғарғы оқу орнында оқиды. Түркістан шаһары және Яссауи кесенесі жөнінде ертеректе кітаптан оқып білген екен. Демалысын пайдаланып, әдейін саяхаттап келіпті.

Айтолсын Биболат, студент:

- Бүгін мен Яссауи кесенесін тамашалауға келдім. Туристік ақпараттық агенттік арқылы және де кесенеден өзге киелі жерлер бар екенін білдім. Яғни, Сауран, Отырар деген секілді. Сол жерлерге барып қайтсам деген ниеттемін.

Туристік ақпараттық орталық Айтолсын секілді Түркістанға саяхаттап келгендерге өңір туралы жан-жақты мағлұмат береді. Әсіресе, шетелдік туристер осы орталықтағы  веб-портал арқылы аймақта нендей саяхат орны бар, оған қалай жетуге болатынын алдын ала біліп, бағамдай алады. Оларға ағылшын, француз, неміс, және түрік тілдерін жетік білетін мамандар қызмет көрсетеді. Былтыр орталық қызметіне 35 мың шетелдік жүгінген. 

Ақмарал  Кеңесбай, туристік ақпараттық орталығының менеджер-консультанты:

- Көбінесе бізге туристер Германия, Франция және АҚШ-тан келеді. Осы үш елдің туристері біздің  ұлттық тағамдарымызға қызығып, қай жерден алсақ, қай жерден тамақтансақ деп, сұрап келіп жатады. 

Түркістанда туризмді дамытудың тұжырымдамасына сай, енді кесене маңындағы 150-ге тарта тұрғын үй өзге жаққа көшірілмек. Одан босаған 12 гектар аумаққа түркітілдес мемлекеттер өз қаржыларына мәдени орталықтарын салады. 

Сондай-ақ, тарихи орынның төңірегінде 42 гектар жерге этносаябақ салу жоспарланып жатыр. Оның аумағында ортағасырлық кейіптегі шеберхана, шығыс моншасы болады. Туристер ескі қалашықтың орнына бағзы замандағы соқпақтармен жаяу жүріп, тамашалай алады.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу