Елорданың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаев әлемнің ең биік нүктесі - Эверест шыңына шығып, Астана қаласының туын тігеді. Бұған дейін спортшы Жердің ең биік нүктесін 2007 жылы бағындырған еді. Бұл жолы теңіз деңгейінен 8848 метр биіктікке Непал мемлекеті жағынан шыққалы отыр. Экспедиция ертең басталып, мамырдың 28-де аяқталмақ. Оның құрамында ресейлік және швейцариялық спортшылар да болады. Айта кетейік, дүниежүзінде биіктігі 8 мың метрден асатын 14 тау шыңы бар. Бұл шыңдарға әлем бойынша тек 20 шақты атлет шыққан. Солардың бірі - жерлесіміз Мақсұт Жұмаев.
Мақсұт Жұмаев, альпинист:
- Мен үшін үлкен оқиға болмақ. Яғни, альпинист үшін бұл Олимпиада ойындарына қатысқанмен тең. Астана - еліміздің символы және болашағы, елордамыздың мерейтойын насихаттау мен үшін мәртебе. Сондай-ақ, өз сапарым арқылы қазақстандықтардың талпынысын, заманауи Қазақстан азаматының келбетін әлемге танытқым келеді. Әрине, оңай сапар емес. Біздің тауға шыға алатынымызға, ауа райының қолайлы боларына, боран соқпайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ