Бүгін бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні. Дәрігерлер осы дертке шалдыққандардың қатары жыл сайын артып келеді деп дабыл қағуда. Мәселен, соңғы 32 жылда аутисттер саны 37 пайызға артқан. Бүгінде елімізде олардың саны 4 мыңға жуықтады.
Нұрым алты жаста. Ел астаналарын жатқа біледі. Географияны ерекше жақсы көреді. Алғыр бала әріп-жазуды 3 жасында-ақ меңгеріп алған. Алайда, ойындағысын ашық жеткізе алмайды. Көңіл-күйі де құбылмалы. Нұрымда аутизмнің алғашқы белгілері шамамаен 4 жасында байқалыпты. Дерттің белгісі бірден біліне қоймаған. Тек ұзаққа созылған тексерістен кейін ғана ата-анасы бейтаныс диагнозды естиді. Анасы болса, алғашында ауыр дертті мойындай алмағанын айтты. Алайда, бүгінде еш мойымай, баласын қоғамға бейімдеуге бар күшін жұмсап жүр.
Меруерт Көшенова, қала тұрғыны:
- Қатты қиналдық, күйзелдік. Қайда барарымызды, кімнен көмек сұрарымызды білмедік. Бұлардың еміне әрдайым ақша керек.
Алғашында аналар аңғармайды. «Басты мәселе осы»,- дейді дәрігерлер. Себебі, баланың ауытқушылығы бірден байқалмайды. Бүгінде елімізде 3815 бала аутизм дертіне шалдыққан. Олардың 600-ден астамы Астанада тұрады. Алайда, қоғамнан осы дертті жасырып, оларды оқшаулап, мойындамай, алыстатып балаларын өздері бағып отырған жүздеген жанұя тізімге тіркелмеген. Ал, ауруға шалдыққандар саны жыл сайын артқанымен, оны зерттеу орталықтары аз. Мамандар тапшы. Сондай-ақ, мұндай балаларды бөлек оқытатын, оларды әлеуметтік ортаға бейімдейтін мемлекеттік орталықтар аз. Ақылы орталықтардың бағасы болса, шарықтап тұр. Кешендік емі 150 мың теңгеден басталады.
Элеонора Қошаналиева, психолог:
- Біздің көп баламыз мозаикаларды, пазлдарды кез келген күрделі деңгейлерін ашып, барлығын қайтадан жинап беруге қабілеттері жетеді. Ерасыл деген ұлымыз болды. Ол математиканың кез келген есептерін ойша шығарды. Өзінің техникалары бар. Сондай ерекше методтар қолданатын ұлдарымыз бар.
Олардың расымен де ерекше қасиеттері бар. Оған әлемге танымал түрлі ғалымдардың еңбектері куә. Мәселен, Чарльз Дарвин, Ньютон, Блез Паскаль, Альберт Эйнштейн, Николай Гоголь, Ганс Христиан Андерсен, Александр Блокты атауға болады. Бұл ғұламалар да аутизм ауруымен ауырған. Психикалық дамудың ауыр жағдайына душар болғанымен, олар зерттеулер жасап, дүние жұртын мойындатқан тұлғалар қатарына енді.
Сондықтан, Нұрымның да бойындағы ерекше қасиеттер оның кемшілігі емес артықшылығы болуы да мүмкін. Ата-анасы да соған сенеді.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ