Семейде су қайтқан аймақтағы 12 үйге жөндеу жұмыстары басталып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде су қайтқан аймақтағы 12 үйге жөндеу жұмыстары басталып кетті

02.04.2018

Семейде ернеуінен асқан Ертістің деңгейі түскенімен, бүгін тағы 15 саяжай аумағына су кірді. Қазір тасқын судың салдарын жою жұмысы қарқынды жүріп жатыр.

Елдос Сапарғали, тілші:

- Тасқын судың алғашқы легінен зардап шеккен дәл осы Түйемойнақ аралы. Қазір су деңгейі әлдеқайда қайтқан. Дегенмен, осыдан төрт күн бұрын Ертістің деңгейі 5,5 метрге көтеріліп барлығын шайып кеткен болатын.

Арынды ағысқа шыдас бермеген бөгеттер әп-сәтте су астында қалып, алып мұздар тұрғын үйлердің қабырғасын қақыратты.

Әділетқан-апаттың алғашқы сағатында абдырамай қорадағы қайығын шығарып, көршілерін құтқарған азамат. Ең алдымен, тасқыннан бала-шағаны шығарып, кейін тіпті бағалы заттарды сақтап қалуға да барын салған.      

Әділетқан Ақылов, қала тұрғыны:

- Көршілерімді қайыққа отырғызып кейін осында үйлерін көрсету үшін тағы бірнеше рет әкелдім. Адам болғаннан кейін алаңдайды ғой. Ал, кешке ұрлық қарлық болмасын деп, кезекпен үйлерді күзеттік.

Қазір қала бойынша 287 үйге су кірген. Сондай-ақ, 500-ге тарта саяжай апатты күйде. Тасқынның салдарын жоюға әзірше облыстық бюджеттен 70, ал, қала қазынасынан 50 миллион теңге бөлінді.

Ермак Сәлімов, Семей қаласының әкімі:

- Бұзылған баспаналарды қайта тұрғызамыз. Ал, жөндеуге келетін үйлерді қалпына келтіреміз. Су қайтқан аймақтағы 12 үйге жөндеу жұмыстары басталып кетті. Сондықтан, тұрғындарды алаңдамауға шақырамын. Барлығы өз уақытында болады.

Апат салдарын анықтау да қазір өткір мәселенің бірі. Облыстық прокуратура ауқымды тексеріс жұмыстарын жүрігізіп жатыр. Әу баста тасқынға Шүлбі гидроэлектростанциясының суды мөлшерден тыс жіберуі себеп делінген болатын. Алайда, осы салаға жауапты су ресурстары комитетінің төрағасы мұндай тұжырыммен келіспейді.

Елдос Сапарғали, тілші:

- Арнайы мамандар қазір қаланың топографиялық картасын бекітуде. Сол арқылы болашақта дәл осындай апаттың алдын алу үшін арнайы бекіністер салу көзделіп отыр. Ал, арнайы құжат осы тамыз айында бекітіледі. Құрылыс жұмыстары келесі жылдан басталмақ.

Елдос САПАРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу