Ертістің деңгейі түскенімен бүгін тағы 15 саяжай аумағына су кірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертістің деңгейі түскенімен бүгін тағы 15 саяжай аумағына су кірді

02.04.2018

Семейде ернеуінен асқан Ертістің деңгейі түскенімен бүгін тағы 15 саяжай аумағына су кірді. Қазір тасқын судың салдарын жою жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Облыс бюджетінен тасқынның салдарын жоюға 70, ал, қалалық қазынадан 50 миллион теңге бөлінді. Қазір құтқарушылар күндіз-түні су басқан аймақтарды тазарту жұмыстарымен айналысуда. Төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, ертең су сору жұмыстары аяқталуы тиіс. Қазір қолда бар ақпаратқа сәйкес, 287 баспана мен қала сыртындағы 500-ге тарта саяжайға су кірген. Тасқын судың алғашқы легі келгенде 500-ге тарта адам қауіпсіз аймаққа шығарылып, олардың 300-ге жуығы қонақүйлерге жайғастырылған болатын. Қазір су деңгейі тартылғандықтан 190 адам өз баспанасына қайта оралды.

Ермак Сәлімов, Семей қаласының әкімі:

- Бұзылған баспаналарды қайта тұрғызамыз. Ал, жөндеуге келетін үйлерді қалпына келтіреміз. Су қайтқан аймақтағы 12 үйге жөндеу жұмыстары басталып кетті. Сондықтан, тұрғындарды алаңдамауға шақырамын. Барлығы өз уақытында болады.

Сондай-ақ, қазір прокуратурамен бірге апаттың шығу себептерін анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Бұған дейін тасқынға Шүлбі ГЭС-інде су қорының қалыпты деңгейден артық жиналуы себеп делінген болатын. Яғни, секундына жіберілуі тиіс 500 текше метр судың мөлшерін 1 800-ге дейін арттырған. Алайда, Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев «осы қадам арқылы біз бұдан да үлкен апаттаң алдын алдық»,- деп отыр.

Елдос САПАРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу