Енді мекеме басшысы қол астындағы қызметкердің жемқорлыққа жол бергені үшін жауапқа тартылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Енді мекеме басшысы қол астындағы қызметкердің жемқорлыққа жол бергені үшін жауапқа тартылады

14.03.2018

Екінші тоқсаннан бастап әрбір мекеме басшысы қол астындағы қызметкердің жемқорлыққа жол бергені, тіпті, теріс қылық көрсеткені үшін жауапқа тартылады. Бұл - «Астана – адалдық алаңы» жобасының негізгі бағыты. Бүгін жоба аясында елорда әкімі Әсет Исекешев пен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев қаладағы бірінші емханаға барды. Онда мекеме жұмысымен танысып, келушілермен тілдесті. Бұдан соң «Астанаэнергосбыт» серіктестігіндегі жағдайға қанықты. Тұрғындарды мұқият тыңдаған Әсет Исекешев пен Алик Шпекбаев халыққа электронды үкіметтің мүмкіндігін әлі де болса жіті түсіндіріп, емханалардағы электронды кезекті толық реттеу жайын жауаптыларға тапсырды.

Жазира Жылқышиева, «Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы:

- Бұрында қалай еді? Қарамағындағы қызметкер тәртіптік шара көреді де, өзі кінәлі емес болып шығады. «Жеке жауапкершілік» құжатында оны көрсетіп отырмыз. Мысалы, бір мекемедегі 20 қызметкердің бесеуі тәртіптік шара көрсе, неге басшы жауап бермейді? Мүмкін жұмысын дұрыс ұйымдастырмаған шығар. Осы мақсаттағы жадынамаға екінші тоқсаннан бастап бірінші басшылар қол қояды.

 

Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу