Ақтөбеде осыдан екі күн бұрын оқ атып, 25 жастағы азаматты жарақаттаған күдікті іздестіріліп жатыр. Бұл қылмыс Ақтөбеде облысы əкімдігінің маңында болған. Наурыздың 11-і күні таңғы сағат 8-де қаланың Абай даңғылы бойында белгісіз біреу травматикалық тапаншадан оқ атқан. Жарақат алған азамат қазір ауруханада жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалып, тергеу амалдары басталды.
Ерболат Сарқұлов, облыстық ІІД баспасөз қызметінің басшысы:
- Бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабына, үшінші тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізілуде. Қылмысты ашу бойынша жұмыстар атқарылуда.
Сондай-ақ, бүгін ақтөбелік полиция қызметкері Байбек Қарымсақовтың өліміне қатысты жаңа деректер шықты. Тергеу кезінде қалалық əкімдіктің бейнебақылау камерасындағы жазба мұқият зерттелген. Сол бойынша өткізу-бақылау пунктіне Қарымсақовтан бөгде ешкімнің бас сұқпағаны анықталды. Ал, марқұмның мүрдесін сағат кешкі бестер шамасында әкімдіктің аспазы тапқан. Оқиға болған сәтте полиция қызметкерінің қандай психикалық күйде болғанын анықтау үшін сот-сараптамалық экспертиза тағайындалды.