Таразда дәмханада оқ атқан күдікті ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда дәмханада оқ атқан күдікті ұсталды

08.04.2022

Таразда дәмханада оқ атқан күдікті ұсталды. Ол қала орталығындағы кафеде екі азаматты жаралап, қашып кеткен болатын. Арада 2 айға жуық уақыт өткенде, Тараз тұрғыны Алматыда ұсталды.

Естеріңізге сала кетсек, оқиға 26 ақпан күні, түнгі сағат 10 шамасында болған еді. Бейнебақылау камерасындағы жазбаға қарағанда дәмханаға келушілер арасында жанжал туындаған. Нәтижесінде бірі қалтасынан тапанша шығарып оқ жаудырып, оқиға орнынан ізін суытқан. Атыстан 2 адам жарақат алып ауруханаға түссе, күдіктіге қатысты халықаралық іздеу жарияланған болатын. Полиция қызметкерлерінің жедел іздестіру шаралары нәтижесінде, Тараз қаласының 36 жастағы тұрғыны қолға түсті. Қазіргі таңда ер адамның жеке басы анықталып, қылмыстық із қозғалды.

Гүлсара Мұқтарқұлова, облыстық ПД баспасөз хатшысы:
Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Қазір ол Тараз қаласындағы тергеу изоляторына қамаққа алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Нұрдос Сембек


Хабарламаларға жазылу