Жеңіс туын биіктерден желбіретіп жүрген арулардың бірі - тараздық Феруза Шәріпова - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеңіс туын биіктерден желбіретіп жүрген арулардың бірі - тараздық Феруза Шәріпова

09.03.2018

21-ғасырда  арулардың  болмысы нәзік болғанымен, тірлігі толағай. Ақын мен әкім де, кәсіпкер мен депутат та, ұстаз бен дәрігер де солардың қатарында. Әйелдер  басшылықта-табысты, бизнесте-жемісті, өнерде-өрісті  еңбек етіп келеді. Ел мерейін асырып, жеңіс туын биіктерден желбіретіп жүрген арулардың бірі - тараздық Феруза Шәріпова.

Феруза бала жастан спортты сүйді. Алдымен велоспортпен, кейін суда жүзумен айналысқан.  Бір кездері  бокс залына кездейсоқ кірген қыз – бүгінде әлемді мойындатқан былғары қолғап шебері.

Феруза әуелі әуесқой бокста топқа түсіп, 19 жасында Қазақстан чемпионы атанды. Кейін Азия чемпионатында да олжа салды.  2016 жылдан бастап кәсіпқой боксқа бет бұрды. Қайсар қыз шаршы алаңда қарсылас шыдатпай келеді. Өткен жылы тамыз айында  Астанада, ал, 30 желтоқсанда Алматыда чемпиондық белбеу үшін тартыс өтті. Болгар қызы Милена мен бельгиялық Жемилә Ферузаның мықтылығын мойындауға мәжбүр болғаны ел есінде.

Жеңімпаз қыз рингте өжет, ал өмірде нәзік, қарапайым. Ата-анасына ардақты  перзент, күйеуіне аяулы жар, бапкеріне елгезек  шәкірт. Бокс -  бекзат  өнер. Бірақ, Феруза өмірін тек спортпен өлшемейді. Туған жерге деген махаббат пен ұлтқа адал қызмет етуді азаматтық борышым деп біледі.

Қазақстандық қыздар арасында тұңғыш рет Әлем чемпионы болған  арудың ендігі арманы - абсолютті чемпион атану. 

Гүлнұр ҚАЙРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу