Берлинге жеңіс туын тіккен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Берлинге жеңіс туын тіккен

10.05.2014
Берлинге жеңіс туын тіккен
«70 жыл өтсе де соғыстың әр күні есімде»,-дейді теріскейлік Сұлтан Мұхамеджанов. Сталинград түбіндегі қиян-кескі ұрыстан аман қалып, Берлинге дейін жетті.  Майдангер бүгінде зұлмат жылдарды еске ала отырып, майдандағы күндерін әңгімелеп берді.
 
Сұлтан Мұхамеджанов соғысқа 1941 жылы, 21 жасында аттанған болатын. Бірден адамзат тарихындағы зұлмат соғыстардың бірі - Сталинград түбіндегі шайқасқа қатысты. Жан беріп, жан алысқан алапат ұрыс кезінде командирі оққа ұшып, басқарусыз қалған ротаның тізгінін қолына алғаны да әлі есінде.
   
Сұлтан Мұхамеджанов соғыс ардагері:
Жақындады бізге, біз де атып-атып олар кейін қайтты. Біраз тұрды да екі танк, артында пехотасы бар бізге қайта келді. Содан бәріміз тұра қалып гранаты лақтырдық. Кімдікі тигенін Алла біледі. әйтеуір екі танкті окоптың түбінде жандырдық.
 
Сұлтан ақсақал ауыр жараланса да сапқа қайта тұрып, Еуропа елдерін жаудан азат етуге қатысты. Украина, Молдавия, Румыния, Болгария, Югославия, Венгриядағы небір шайқастардың куәсі болды. Берлинге жеңіс туын тігуге атсалысты. Соғыс аяқталған соң да әскери қызметін жалғастырып, елге тек 1946 жылдың тамызында ғана оралады.
 
Зүлфия Багаутдинова, Соғыс ардагерінің немересі:
Біз бала шағымыздан атамыздың соғыс туралы әңгімелерін тыңдап өстік. Біз үшін 9 мамыр – Жеңіс күні ерекше мереке. Отбасымызбен жиналып тойлаймыз. Атамыздың ортамызда жүргеніне қуанамыз. Бұл нағыз батыр дер едім, бүгінгі ұрпаққа үлгі ретінде қояр едім. Олар қандай қиын кезде де қайсарлық таныта білді.
 
Сұлтан Мұхамеджанов соғыстан кейін қаржы саласында еңбек етті. Жары Рашида екеуі 3 бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде 5 немере, 3 шөберенің ортасында бақытты өмір кешіп жатыр. Ұрпағына үнемі өсиетін айтып отырады. 
 
Сұлтан Мұхамеджанов соғыс ардагері:
Өз халқыңды, өз Үкіметіңді сақтай біл. Соны сүйе біл, оған қиянат істемеу керек. Оны, қалай деп айтады, патириоты бола білуіміз керек халқымыздың.
 
Сағындық СӘБИТҰЛЫ
 

Хабарламаларға жазылу