Бүгінде алматылық саяхатшы апамыз Лена Тоқсанбаеваны білмейтін адам аз. Сексенге тақаған тұсында тұңғыш рет шетелге шыққан апаның бүгінде табаны тимеген жер саусақпен санарлық. Соңғы 4 жылда бірнеше елді аралаған жиһанкез әжейді тілшіміз Аманкелді Сейітхан мерекемен құттықтады.
Біз Лена апаны Алматының «Арбатынан» кездестірдік. Өйткені, ол кісі мереке күндері таза ауада демалып, саябақта қыдыруды әдетке айналдырған. Ал, шетелдерге сапарын 4 жыл бұрын 79 жасында бастапты. Алғашында Лондонда оқитын қызының диплом алу құрметіне қыдырып барған. Содан бері дүниежүзін талмай аралап келеді.
Лена Тоқсанбаева, саяхатшы апа:
- Англияда болдым, одан АҚШ, Францияға, Тайландқа бардым. Шет жағындағы қалаларды араладым. Жақында Меккеге бардым. Осы балалардың нәпақасына серік болып жатырмын ғой.
Лондон, Париж, Барселона, Нью-Йорк. Әлемнің әр түкпірінде түскен осындай фотосуреттерінің арқасында Лена апаны көпшілік жақсы біледі. Тіпті, бүгін «Арбатта» да біраз алматылық танып, кезек-кезек суретке түсіп жатты.
Гауһар Шуақбаева, суретші:
- Мен ол кісінің парақшасын интернеттан көрдім. Сосын ол кісіні теледидардан көп көрсетеді. Түгел дүниежүзін аралайтын апа. Осындай апалар көп болса.
«Саяхатшы әже» әр сапарға балаларымен, немере-шөберелерімен барады. Тіпті, қайда баратынын көбіне өзі таңдайды екен.
Бақыт Тоқсанбаев, Лена Тоқсанбаеваның ұлы:
- Осы көктемде Италияға барсақ деп отырмыз, ары қарай Америкаға барамыз. Қызым баласының тұсауын кесейін деп жатыр. Соны апама кестіртейін деп жатыр.
Жер көруге, ел көруге құштар апамыз тек қана шетел емес, Қазақстанның да барлық өңірін аралап шығыпты. Балаларының арқасында бақыттың құшағында жүрген апамыздың алға қойған жоспары көп. Ал, біз саяхатшы апаның әр сапары сәтті болса екен деп тілейміз.
Амангелді СЕЙІТХАН